Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде соты жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылған көлікті басқарған әскери қызметшіге қатысты істі қарады, - жазады kaz.inform.kz.

Фото: kaz.inform.kz
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, құқық бұзушылық Орал қаласы аумағында өткізілген жедел алдын алу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлерімен анықталған. Бұл — ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық.
Істі қарау кезінде жүргізушінің әдейі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі орнатылған көлікті жүргізгені белгілі болды.
Сот отырысында азамат К-ның кінәсі дәлелденді.
Сот іс материалдарын зерделей отырып, құқық бұзушылық сипатын бағалап, әскери қызметшіге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жаза тағайындауды ұйғарды.
Аталған кодекстің 32-бабына сәйкес әскери қызметшілер әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін тәртіптік жарғылар бойынша жауаптылыққа тартылады. Бірақ оларға әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылмайды.
— Осыған байланысты сот азамат К-ны кодекстің 590-бабы 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Кодекстің 32-бабы 2-бөлігі негізінде 608-баптың 1-бөлігімен көзделген негізгі жаза — әкімшілік қамаудан босатып, көлік құралын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айырды. Іс материалдарының көшірмелері кінәлі қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін БҚО полиция департаментіне жолданды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.