24.10.2024, 14:30
Оқылды: 148

Оралда жаңа қонақүй ашылды

Республика күні қарсаңында Орал–Желаев  тасжолының бойында «Diplomat» қонақүйі ашылды.

IMG_0434

Отандық туризмді дамытудың инвестициялық жобасы аясында салынған нысан 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кешеннің ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, кәсіпкерлер қатысты.

– Кейінгі жылдары Орал қаласының көшелері көркейіп, жарықтандыру ретке келтіріліп, шаһар қанат жайып келеді. Жаңа ғимараттар салынып, туризм саласы дамуда. Сәні мен сәулеті жарасқан бұл қонақүй еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден келетін қонақтарға, туристерге сапалы қызмет көрсетеді деп сенемін. Өңір туризмінің дамуына үлес қосып, тұрақты жұмыс орындарын ашып отырған Элгун Джаналиевке алғысымды білдіремін. Кәсібі өркендей берсін, – деді шаһар әкімі Мұрат Болатұлы.

Сонымен қатар «Бірлік» әзербайжан мәдени-ағарту қоғамы» ҚБ төрағасы Наджаф Мамедов кәсіпкердің қуанышына ортақтасқан барша қонаққа ризашылығын айтты. Салтанатты ашылуды тамашалаған үлкен-кіші ел игілігіне берілген нысанды аралап көрді.

IMG_0354

Орал қаласының жас кәсіпкерлері Элгун мен Эльвин Джаналиевтер – қайырымдылықпен айналысатын жас меценаттар. Олар – Қазақстан  халқы ассамблеясының белсенді мүшелері. Қонақүй иесі Элгун Ахмедоглудың айтуынша, нысанның құрылысына жергілікті 50 жұмысшы жұмылдырылған.

Сонымен бірге осы өңірдегі тауар өндірушілердің құрылыс материалдары пайдаланылып, жиһаздары сатып алынған. Жоба құны – 300 млн теңге. Қонақүй кешеніндегі 31 бөлменің 9-ы біркісілік болса, қалғандары – екікісілік. Кәсіпкер болашақта мұнда келген қонақтардың игілігі үшін кофехана және ойын-сауық орнын ашуды  жоспарлап отыр.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале