19.05.2021, 19:09
Оқылды: 71

Оралда жаңа мешіттің құрылысы басталды

Бүгін Орал қаласының Зашаған кентінде жаңа мешіттің құрылысы басталды. Соған байланысты Ақ Жайық өңіріне арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс әкімі Ғали Есқалиев қалалық мешіттің сәулет жобасымен танысты. Әдемі ғимарат Орал-Саратов және Орал-Атырау күре жолдарының қиылысында бой көтермек. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мешіт үшін көпшілікке қолайлы аумақ таңдалғанын, құрылыс жобасын жетілдіре түсу мәселесі әлі де пысықталатынын айтты.

IMG-20210519-WA0008

– Ислам құндылықтары қазақтың салт-дәстүрімен әуелден біте қайнасқаны белгілі. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін қоғамда дінге деген көзқарас өзгерді. Қазақстан азаматтарының дін таңдау еркіндігіне кепілдік берілді. Көптеген аймақта ескі ғибадатханалар қайта салынды. Елімізде жыл сайын жаңа мешіттер бой көтеруде. Зашаған кентінде 70 мыңға жуық адам тұрады. Қаланың осы бөлігінде мешіт салуға ұсыныс білдіретіндер көбейді. Міне, осыған байланысты қолға алынған игі бастамаға Бас мүфтидің қолдау білдіре келгеніне алғыс айтамын, – деді Ғали Есқалиев.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орал қаласына діни басқарманың бірнеше қызметкері келгенін атап өтіп, мешіт құрылысына куәгер болғандарына қуанышты екенін жеткізді.

IMG-20210519-WA0012

– Мешіт – ата-бабамыз ұстанған қасиетті Ислам дінінің қастерлі орыны, Алланың үйі болып есептеледі. Игі іске қолдау білдіріп жатқан облыс әкімі мен кәсіпкерлер қауымына ризашылық білдіріп, мешіт құрылысын жандандыруға көмектесулеріңізді сұраймын. Мешіт құрылысына қол ұшын созу – сауапты іс. Құран кәрімде: «Аллаға сенгендер, ақыретке сенгендер Алланың үйін көркейтеді» делінген. Мешіт – халықты имандылыққа, әділдікке, адалдыққа тәрбиелейтін қасиетті орын, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев пен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қызыл кірпіштен өрілген ұстын ішіне келешек ұрпақ үшін қызмет ететін рухани орда әрі еңселі ғимарат боларына сенім білдірілген хат салынған қапсуланы орналастырып, оның бетіне «Орал қалалық мешітінің» іргетасы қаланды» деген жазуы бар тақтаны жапты. Одан кейін Бас мүфти дұғасына көпшілік қол жайып, бет сипады. ҚМДБ төрағасы құрылыс алаңына келген ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

IMG-20210519-WA0014

Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің айтуынша, мешіт аумағы 1,5 гектар жерді қамтиды. Эскиздік жоспар бойынша мешіт жанында қосымша нысандар мен автокөлік тұрағы салынуы тиіс. Мешіттің жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метрді құрамақ. Құрылыс жұмысының жедел әрі сапалы жүргізілуі қорға түскен қаражат көлемі мен кәсіпкерлер демеуіне байланысты болады.

Айта кетейік, 2020 жылы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тікелей тапсырмасымен Зашаған кентінің егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізілген. Кәсіпкер азаматтың бірі мешіт салу үшін Жәңгір хан көшесі бойындағы жер телімін мемлекет иелігіне қайтаруға келіскен. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 1,5 мың адамға есептелінген.

IMG-20210519-WA0011

IMG-20210519-WA0010

IMG-20210519-WA0007

IMG-20210519-WA0013

IMG-20210519-WA0005

Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале