3-4 наурыз күндері Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жастар мәдениет үйінің ұйымдастырумен Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қалалық «Әлем сұлу әйелмен» атты жас келіндер байқауы өтті.
Қаламыздың жас келіндерін халыққа таныстырып, жанұядағы ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орны ерекше екендігін насихаттау мақсатында өткен байқау екі кезеңнен тұрды.
3 наурыз күні байқаудың алғашқы кезеңі бастау алды. Аталмыш байқауға қаламыздың ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған, ізеттілікті, инабаттылық пен парасаттылық сынды қасиеттерді бойына сіңірген үлгілі келін, ақылды ана, сүйікті жар атанып, әр салада қызмет етіп, анасынан алған тәрбиені, қазақы қалпын сақтап жүрген 6 келін қатысты.
Ұлттың ұйытқысы болып отырған, бүгінде ауылдың келіндерінен кем түспейтін, ененің тәрбиесін көрген, ұлттық салт-дәстүрді ұмытпай, ұлықтап келе жатырған келіндер байқауының бірінші кезеңінде тұрмыстық шеберліктерін көрсетті.
3 наурыз күні келіндер Орал "Сервис" технологиялық колледжінде тиянақты әрі ұқыпты етіп жайма жайып, тәтті бауырсақ пісіріп, сынға түсті.
Жас келіндер байқауының екінші кезеңі бойынша үміткерлердің шығармашылық жұмыстары сарапқа салынды.
Бұл кезең «Сәлем – сөздің анасы» арнайы дайындалған бейнеролик арқылы, «Өнерлі келін сүйкімді» (өз өнерін көрсету), «Ойлы болсаң, озып көр» (ситуациялық сұрақтар), «Кім жылдам?» (ұршық иіру), «Қылығына сай екен киімдері-ай!» (ұлттық нақыштағы киім үлгілері) сынды бөлімдерден тұрды.
Аталмыш байқау Жастар мәдениет үйінің «Салтанат» би ансамблінің би композициясымен көркемделген Бибігүл Берекетованың орындауындағы «Жеңге» әнімен ашылды.
Одан соң Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайрлиев байқауға қатысушы жас келіндерге сәттілік тілеп, Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараның маңыздылығына тоқталды.
Байқауға айтыс ақыны, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, ҚР Мәдениет қайраткері , облыстық халық шығармашылығы орталығының мәдени-демалыстарды ұйымдастыру бөлімінің маманы Набира Саинова, «Орал –Сервис» техноголиялық колледжінің өндірісінің оқыту шебері Алмагүл Мұқатаева, «Мария Ханым» сән үйі директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Манура Құдайбергенова, БҚО тарихи-өлкетану мұражайының қор бөлімінің қор сақтаушысы Мұхтар Өтесов төрелік етті.
«Сәлем – сөздің анасы» атты алғашқы бөлімде қатысушылар туған жерін, әулетін өлеңдете, бейнероликтер арқылы таныстырды. Қазақ келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, ұлт болашағының негізі ретінде қараған.
Бір әулеттің отын жаққан келіндер өз өнерін көрсету бөлімінде көрермендерге тәлім мен тәрбие ұштасып жатқан мағынасы зор әндерді шырқап, би билеп, көркемсөз оқып, қолөнер түрлерінің жасалу тәсілдерін көрсетсе, бірі шек қарыннан өрім жасауды көрсетті. Әрқайсысы үлгілі келін атағына ие бола алатынын көрсете білді. Әрбірі өзіндік қылығымен ерекшелене алды.
Сондай-ақ, келіндерге салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойылып, қазақи құндылықтар ұлықталды. Сұрақтарға ой ұшқырлығын таныта отырып, жағдаяттардан шыға білді.
«Кім жылдам?» кезеңінде үміткерлер ұршық иіріп, келіндердің жылдамдығы, іске ептілігі, пысықтығы бағаланды.
«Қылығына сай екен киімдері-ай!» кезеңінде сымбатына сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтай отырып, шынайы қазақи сұлулықты танытатын бірден-бір нышан қазіргі заманға лайықталған ұлттық киімдерінен сән үлгісін көрсетті.
Байқау барысында Жастар мәдениет үйінің әншілері Азат Қабиев, Рүстем Хафизов, Тараз Жауынбаев, Рустем Кереевтер, Әсел Кажимова, Аэлита Ерсайынова мерекелік әндерінен шашу шашты.
Шара соңында жастар мәдениет үйінің директоры Медет Мерғалиев қатысушыларға алғысын білдіріп, мерекемен құттықтап, қазылар алқасына гүл шоқтарын ұсынды.
Байқауда жас келіндердің өнері жан-жақты сарапталып, жеңімпаздар анықталып, байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлерге арнайы диплом мен сыйлықтар табыс етілді.
Байқау нәтижесінде Бас жүлдені Гүлнұр Утегалиева (орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Утегалиевтер әулетінің келіні), І орынды Ару Хабдулла (№ 29 ЖОББМ-нің математика пәнінің мұғалімі) Алабасовтар әулетінің келіні,
ІІ орынды Перизат Ермекбаева (Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының «Назерке» халық би ансамблінің әртісі, Хасановтар әулетінің келіні), ІІ орынды Айымгүл Таскенова (дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Рахметуллиндер әулетінің келіні), ІІІ орынды «Деркөл» мәдени-демалыс орталығының әншісі Гүлзада Балтөреева мен Нұрзия Уразалиева (мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Өркен» комьюнити орталығының үйірме жетекшісі, Құсайынова әулетінің келіні) иеленді.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz