Бүгін Орал қаласында «Жас құтқарушы» арнайы сыныбы ресми түрде ашылды. Жоба Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Орал қаласы ТЖ басқармасы және қалалық білім беру бөлімімен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Сынып №4 қосымша білім беру мектеп-орталығында жұмыс істейді.

Арнайы сыныптың басты мақсаты – оқушыларға қауіпсіздік мәдениетін үйрету, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру және болашақта құтқарушы мамандығына бағыт беру.

Бағдарлама аясында қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін, өрт қауіпсіздігі талаптарын, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін, құтқару құралдарының құрылымы мен қолдану ерекшеліктерін меңгереді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас құтқарушы» жобасы жасөспірімдердің жауапкершілігін арттырып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды бастама. 
Шара соңында жас қатысушыларға алдағы оқу-жаттығуларда жоғары нәтиже көрсетіп, ел қауіпсіздігіне үлес қосуға тілектер білдірілді.
Бекзат Қанәділ,
суреттер автордікі
zhaikpress.kz