Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасы базасында әскери жоғары оқу орындарын 2024 жылы тәмамдаған жас сардарлардың бес күндік оқу-әдістемелік жиыны өтуде.

Жиынның басты мақсаты – жас офицерлердің қызметтік-жауынгерлік машығын жетілдіру, практикалық дағдыларын шыңдау әрі кәсіби қасиеттерін дамыту.
Әскери жиынға Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал гарнизондарынан келген елуге жуық жас лейтенант қатысуда. Олар бес күн бойы басшылық құжаттар мен директиваларды білу деңгейінен сынақ тапсырып, жалпыәскери жарғыларды меңгеру бойынша білімін пысықтайды.

Жиынның алғашқы күнінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеев жас офицерлермен кездесіп, 2025 жылдың тоғыз айындағы жауынгерлік қызметтің қорытындыларына тоқталды. Сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтың тәжірибелі офицерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сотталушыларды күзету және тасымалдау, мемлекеттік маңызды нысандарды қорғау ісіндегі тәжірибелерімен бөлісті.

Бүгін, жиынның үшінші күнінде, жас сардарлар дала жағдайында «Сұңқар» оқу орталығында тактикалық және атыс даярлығын пысықтауда. Олар АК-74 автоматы мен Макаров тапаншасынан оқ ату, белтемірге тартылу, жүз метрге жүгіру, инженерлік және радиациялық-қорғаныс дайындықтары бойынша тапсырмалар орындап, кәсіби шеберліктерін сынауда.

Аптаның соңында оқу-әдістемелік жиын қорытындыланып, үздік нәтиже көрсеткен офицерлер іріктеліп, кадрлық резервке енгізілмек. Сонымен қатар, жас сардарларға Орал қаласының көрікті жерлері мен Ақ Жайық өңірінің тарихи мұражайларын аралату жоспарлануда.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі