28.05.2024, 16:40
Оқылды: 32

Оралда «Zhas Project-тің» жеңімпаздары белгілі болды

«Zhas Project» жобасының 2024 жылғы шағын гранттар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жобаға Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысының жастары қатысып, өңіріміз бойынша 8 грант иесі анықталды. Биыл шағын гранттар байқауы аясында аталған екі өңір бойынша 318 үміткерден өтініш түскен.

WhatsApp Image 2024-05-27 at 11.42.58 AM

Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев және байқау жеңімпаздары қатысты. Жоба жеңімпаздары балалар мен ересектерге арналған музыкалық мектеп ашу, аутокөліктерге бронопленка жапсыру, қыз-келіншектерге тоқыма ісін үйрету, таза ауыз су аппаратын орнату сынды жобаларын ұсынған. Жобаға қатысып, 1 миллион теңге ұтып алған оралдық Гүлжиян Дәулетқалиева мектепке дейінгі жастағы балаларға ағаштан ақыл-ойды дамытуға арналған ойыншықтар жасайды екен.

– Баламның тілі жай шығып, логопед мамандарға жү­гінгенімде, олар дидактикалық ойыншықтарды сатып алуды ұсынды. Ал қаламызда мұндай ойыншықтардың құны қалтаға қонымды бола бермейді. Осы кезде зейін қабілетін ұштайтын мұндай өнімдерді өңдіріп, халыққа қолжетімді бағада ұсыну туралы ой келді. 35 жасқа дейінгі жастардың идеяларын қолдауға арналған жоба туралы естіп-білгеннен кейін өз жобамды ұсынып, бағымды сынап көрмекші болдым. Жеңімпаздардың тізімінен өзімнің есімімді көргенімде шын қуандым. Алдағы уақытта мемлекеттен берілген грант қаржысын өз кәсібімді одан әрі ілгерілетуге жұмсамақпын және өңірдегі балабақшаларға осындай ойыншықтарды тегін таратуды көздеп отырмын, – дейді Гүлжиян Асқарқызы.

Марапаттау рәсімінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов кәсіпкерлерге алғысхат табыстап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Ал жоба қатысушылары мемлекеттен ұсынылып отырған тиімді жобаға қатысуға мүмкіндік алғандары үшін алғыс білдірді.

– Жобаның мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET санатындағы жастарды қоғамға қайта қосу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы керек және Қазақстан Республикасының заңнамасына қарсы келмеуі тиіс. «Zhas Project-ке» қатысу арқылы жастар бірегей тәжірибе жинақтап, қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады. Бүгінгі жеңімпаз-жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын. Иеленген гранттарыңызды сапалы әрі тиімді іске асырасыздар деп үміттенемін, – деді Медхат Мұсаұлы.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале