Орал қалалық сайлау комиссиясы жанындағы “Жас сайлаушылар клубында” кезекті төраға сайлауы өтті. Дауыс беру ашық әрі әділ жағдайда ұйымдастырылып, студенттердің белсенді қатысуымен өтті.

Сайлау басталар алдында сөз алған Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нариман Салауатұлы сайлауда өз дауысыңды берудің маңыздылығына тоқталып, әрбір азаматтың белсенділігі елдің болашағына ықпал ететінін атап өтті.

Сайлау қорытындысы бойынша ҚАЗИИТУ университетінің 2 курс студенті Лиас Сабыржан 12 дауыс жинап, клубтың төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар, үміткерлердің екеуі – Амангелды Нурәулет пен Маликова Аяулым дауыс берушілердің шешімімен клуб төрағасының орынбасарлары болып бекітілді.

Іс-шара соңында Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Серікұлы жаңа төраға мен клуб мүшелеріне сәттілік тілеп, тың бастамалар мен тың идеяларды ортаға салып, жастық рухты көрсетуге шақырды.

“Жас сайлаушылар клубының” негізгі мақсаты – жастардың сайлау процесіне қызығушылығын арттыру, сайлау мәдениетін қалыптастыру, саяси-құқықтық сауаттылықты көтеру және азаматтық жауапкершілікті нығайту. Клуб жұмысы болашақ сайлаушыларды демократиялық құндылықтарға тәрбиелеуге бағытталған.

Бұл сайлау жастардың азаматтық белсенділігін дамытудың және қоғамның демократиялық дамуына үлес қосудың айқын көрінісі болды.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz
Фотолар автордікі