11.12.2025, 16:00
Оқылды: 10

Оралда жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысты қандай іс-шаралар жүзеге асты?

Биыл Орал қаласында жастардың әскери-патриоттық санасын күшейтуге бағытталған бірқатар ауқымды жоба жүзеге асты. Қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» ұйымдастыруымен өткен іс-шаралар жас ұрпақтың елге деген құрметін арттыруға айтарлықтай серпін берді. Атап өтсек, «Жас сарбаз», «Айбын» әскери-спорттық ойындары, «Отанға аманат» әскерге шығарып салу рәсімі, жаңа патриоттық баннерлердің орнатылуы және «Батырлар ізімен» бейнеролик жобасы бұл бағытқа жаңа серпін берді.

WhatsApp Image 2025-12-11 at 15.38.15

«Отанға аманат» салтанатты рәсімінде 40 жас сарбаз ел алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Шараға офицерлер, ардагерлер мен ата-аналар қатысып, сарбаздарға ақ жол тілеп, естелік сыйлықтар табыстады. Патриоттық әндер мен салтанатты марш мерекелік рухты күшейтіп, жас буынға жігер берді.

Қоғамдық орындарға ілінген екі әскери-патриоттық баннер жастарға рухани қолдау көрсетіп, елжандылық сезімін арттыруды мақсат етеді. Олар халық көп шоғырланған Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Қазақстан», «Салтанат сарайы» және «Жигули» аялдамаларына орналастырылды.

«Батырлар ізімен» жобасы бір минутқа тарихты қамтуға бағытталды. Ұзақтығы бір минуттық бейнероликте сармат дәуірінен XX ғасырға дейінгі батырлар ерлігі көрініс тапты. Қысқа форматта берілген мазмұнды жұмыс жастар үшін тарихи мұраны заманауи тәсілмен танытудың тиімді құралына айналды.

WhatsApp Image 2025-12-11 at 15.38.24

Ал ардагерлер мен тарихшылардың қатысуымен өткен кездесулер жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін тереңдетті. Шараларға  Ауған соғысының ардагері Сапаралы Баймурзаев, әскери қызметкерлер Қылыш Габдуалиев пен Темірболат Искаков, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов, тарихшы Айболат Құрымбаев, десанттық-шабуылдаушы ардагерлер ұйымының төрағасы Марлен Иманғалиев және Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстар ардагерлері Тұрарбек Орақұлы, Нұрлан Гусманұлы, Қаныбек Сәдігенұлықызмет қатысты. Олар ел қорғаудағы батылдық, достық, әскери тәртіп және тарихи жадының маңызы жөнінде ой бөлісті.

Мектептер мен колледждерде де патриоттық дәрістер, архивтік зерттеулер арқылы жас ұрпақтың ел тарихына қызығушылығы тереңдей түсті.

Жобаның жастарға әсеріне келсек, аталған шараларға 400-ге жуық жас қатысып, әскери қызметке қызығушылық, ұйымшылдық, жауапкершілік және батылдық қасиеттері нығайды. Тарихи тұлғалар мен жергілікті ерлердің ерліктеріне деген құрмет күшейді. Оралда басталған бұл бастамалар жас буынның жүрегіне елге деген сүйіспеншілік дәнін сеуіп, болашаққа сеніммен қарауға жол ашып отыр.

WhatsApp Image 2025-12-11 at 15.38.25

Аталған бастамаларды жыл сайынғы дәстүрге айналдырып, деректі фильмдер мен подкасттар түсіріп, патриоттық кездесулерді кеңейтуді және жобаны облыстық, кейін республикалық деңгейге шығару қажет деп санаймыз.

Жанар Курумбаева ,

«Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» ЖҚ директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале