Ертеңнен бастап Орал қаласында «SMS BUS» жобасы іске қосылады. Бұл туралы Орал қаласының жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев және «SMS BUS» компаниясының өкілі Сержан Идиятов БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
–Өткен жылдың шілде айында Орал қаласының әкімдігі «Smart city» бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарлама аясында қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізу көзделген болатын. Биыл бұл мәселе бойынша Алматы қаласына барып, «SMS BUS» жобасымен толық танысып қайттық. Енді жол ақысын бұрынғыдай қолма-қол және электронды билет арқылы төлеуге болады. Қараша айының 8-нен бастап алдымен 5, 10, 22 және 36 нөмірлеріндегі, кейін барлық автобустарда қанатқақты жоба іске қосылмақ,-дейді Қайрат Қуанышқалиұлы.
«SMS BUS» жобасымен толығырақ таныстырған Сержан Серікұлының мәліметінше, жол ақысын телефондағы бірлік арқылы немесе банк картасы арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар жаңа жоба жолаушылардың да, автобус иелерінің де қалтасына еш салмақ салмайды.
–Егер автобусқа қандай да бір құрылғыны орнатсақ, ол уақыт өте түрлі себептермен бұзылып, істен шығуы әбден мүмкін. Ал бұл жобада ешқандай құрылғы орнатудың қажеті жоқ. Тіпті ұялы телефонның смартфон болуы да шарт емес. Жол ақысын ең қарапайым телефон арқылы да төлеуге болады. Ол үшін жолаушы өзі мінген автобустың жеке кодын 2505 қысқа нөміріне хабарлама түрінде жіберуі керек. Ал жеке кодты әр автобустың қабырғасында ілінген ақпарат қағаздарынан қарай алады. Төлемді банк картасы арқылы өтеу үшін жолаушы алдын ала SMSBUS.KZ сайтына кіріп, жеке банк картасын (Visa, Master Card) тіркеуі қажет. Содан соң 2505 нөміріне автобус кодын және «банк» сөзін қосып хабарлама жіберу керек. Барлық хабарламалар құны тегін. Төлемнің сәтті орындалған соң, ұялы телефонға электронды чек көрсетілген хабарлама келеді. Хабарламаны кондукторға көрсету керек. Егер жолаушы автобус кодын дұрыс жазбай, теңгерімі, картадағы ақшасы жеткіліксіз болса, қате туралы хабарлама келеді.
Сондай-ақ төлемді одан әрі ыңғайлы қылу үшін арнайы «SMS BUS Пассажир», «SMS BUS Контролер» қосымшаларын смартфон ұялы телефондарға жазып алуға болады. Бұндай кезде жолаушыға ақының төленгендігі туралы QR (Quick response - тез қабылдау) коды келеді, кондуктор өз смартфонын жолаушының смартфонына тақап тексере алады,-дейді С. Серікұлы.
Мамандар аталған жобаға қоғамдық көлік иелері түрліше көзқарас білдіргенін жеткізді. Еуропаның Италия, Бельгия, Финляндия секілді елдерінде кең қолданысқа ие болған жоба біздің елімізде алғаш рет 2016 жылы Алматы қаласында іске қосылып, оң нәтиже көрсеткен. Ал Орал қаласы Қазақстандағы екінші қала болып жобаны іске қосуда.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
zhaikpress.kz