"Оралда полиция қызметкерлері арнайы жол белгілерінің сызықтарын бояған азаматты анықтады", – деп хабарлайды Polisia.kz.
Фото: polisia.kz
БҚО ПД Орал қаласы ПБ әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты мамандарымен бірлесе отырып, қала жолдарында ақ жолақтарды бояу жұмыстарын жүргізді. Яғни көлік құралдарына ыңғайлы болу үшін, қала көшелеріндегі жол бағыттары айқындалып, қозғалыс жолақтары сызылып, рең беріліп, жол үстіндегі сызықтардың анықтығы тексеріліп, айналма жолдар сырланып жатыр. Бұл ең бірінші темір тұлпар тізгіндеген жүргізушіге жағдай туғызып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылмауына себепкер болады.
Алайда осындай іс- шараларға немқұрайлы қараған қаланың бір тұрғыны 1 мамыр күні Орал қаласындағы көшелердің бірінде қарсы беттегі жол үстіндегі ақ жолақты кері қара сырмен сырлағанын тәртіп сақшылары анықтады.
Бұл тұрғынға Орал қаласы ПБ әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 630-бабының 1-тармағына сай әкімшілік хаттама толтырды.
– Жол үстіне жолақтардың сызылуы – жол қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз етеді. Өзіміздің, өзгелердің жол үстіндегі қауіпсіздігіне салғырт қарамайық, – деп ескертеді полицейлер.