1.02.2021, 15:42
Оқылды: 42

Оралда жылы аялдама салынды

Ауа райы құбылмалы, қысы қаһарлы Ақ Жайық өңіріне жылы аялдамалардың керек екендігі айқын сезілетін. Ендеше, қыста сақылдаған сары аяздан қорғайтын, жазда шіліңгір ыстықта көлеңке болатын жылы әрі жайлы аялдамалар құрылысы Оралда да қолға алынды.

E456E3CC-57DE-4337-A7EF-93D2608EFCB6

Қазіргі уақытта жылы аялдама павильоны Абай даңғылы бойындағы “Еуразия” аялдамасында салынды. Аялдама ауданы 24 шаршы метрді құрайды.  Павильон іші ауаны жылытатын арнайы кондиционермен, ұялы телефонды қуаттап алуға қажетті электр тогы көздерімен, бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталған. Мұндай бір аялдаманы орнатуға бюджеттен 7 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Мердігер компанияның өкілі Максим Митюшов модульдік ғимаратты орнату барысында жергілікті құрылыс материалдарын қолданғандарын айтады.

Сала мамандарының айтуынша, Орал шаһарындағы екінші жылы аялдама “Жигули” аялдамасында салынады. Алайда жайлы аялдамаларды ауызға алмас бұрын облыс орталығындағы 150-ге жуық аялдама ашық-шашық, жабық павильоны жоқ екенін айта кеткен жөн. Соған орай аутобус күткен жолаушылардың күн суықта бүрсеңдеп тоңып, аптап ыстықта күнге қақталып тұратыны үйреншікті көрініске айналғалы қашан...

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2020 жылы қала аумағында 18 аялдама павильоны жаңадан орнатылды.

Биыл да 10 жылы, 30 жаңа үлгідегі аялдама құрылысы жүргізіледі. Жылы, жайлы аялдама салуға 7,5 млн. теңгедей қаражат керек, ал әрбір павильонның жаңа үлгісін қоюға 1 миллион теңгедей ақша жұмсалады.

Гүлнар Шәңгерей,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале