6.10.2020, 17:38
Оқылды: 29

Оралда жылыту маусымы ертерек басталуда

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен облыстық жедел штаб отырысында өңір басшысы ауа райының күрт салқындауына байланысты Орал және Ақсай қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беру туралы тапсырма берген болатын.

Jaiykteploenergo (8)

Бүгін «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Қуат Мусин өңірдің жылыту маусымына дайындығы туралы БАҚ өкілдеріне сұқбат берді.

Jaiykteploenergo (6)

– Белгіленген ережелерге сәйкес тұрғындарға жылу беру орташа тәуліктік температура үш күн бойына -8 градуста немесе одан да төмен түскен уақытта жүзеге асуы керек. Бүгінгі таңда ауа райының орташа температурасы күндіз +20, түнгі мезгілде -0, -1 градусты көрсетіп тұр. Бірақ кешегі өткен облыстық жедел штабтың кезекті отырысында жылыту маусымын мерзімінен бұрын бастау туралы хаттама қабылданды. Бұл әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға тікелей байланысты қолға алынған шешім. Әлем бойынша короновирус індетінің екінші толқыны басталды. Жылуды ерте беру тұрғындарды тұмаудың өршуінен сақтау үшін қолға алынған шара болып табылады. Күні бүгін жылыту жүйелеріне су толтыру, су жүйелерінің қысымын ұлғайту, сонымен қатар жылу-электр орталығындағы қосымша қазандықты іске қосу секілді жұмыстар атқарылуда. Осы істер толықтай аяқталып, жылу жүйелеріндегі судың температурасы 90 градусқа жеткен соң тұрғын үйлерге жылу жіберуді бастаймыз. Бұдан соңғы жұмыстар пәтер иелері кооперативтерімен бірлесе атқарылатын болады. Ертеңнен бастап қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер біртіндеп жылуға қосылады. Ал осы аптаның соңына дейін шаһардың 50 %-ын жылыту жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы Орал қаласы бойынша 1196 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылатын болады. Жеке абоненттер саны 73 мыңды құраса, қалған екі мыңы заңды тұлғалар, – деді Қуат Мусин.

Jaiykteploenergo (7)

Бас директордың айтуынша, өңір тұрғындарының пайдаланған жылу үшін берешегі 365 миллион теңгеге жеткен. Ол сумманың тең жартысы, яғни 180 миллион теңгесі бұрынғы жиналған бережақ есебінен болып тұр. Қарызды өтеуге құлықсыз тұрғындар қатарында пәтерді мұрагерлік арқылы алғандар мен елден қоныс аударған өңір тұрғындары көп екен. Олардың бірқатарына бүгінде бережақтарды қайтару туралы соттың шешімі шықса, қалғандарынан қарызды өтету үшін заңгерлер жұмыстануда екен.

Jaiykteploenergo (1)

Айта кету керек, Орал қаласындағы әлеуметтік нысандарға алдын ала өтінімдер негізінде жылу беру 18 қыркүйекте басталған. Бүгінде балабақшалардың 80%-ы, мектептердің 50%-ы жылыту жүйесіне қосылған. Сонымен қатар мәдениет ошақтары мен денсаулық сақтау орындарына да өтініштер түсіп, жылуға қосылуда.

Jaiykteploenergo (2)

Jaiykteploenergo (3)

Jaiykteploenergo (4)

Jaiykteploenergo (5)

Jaiykteploenergo (9)

Нұрбек Оразаев,

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале