Мүгедектікті тағайындау жөніндегі қанатқақты жобамен танысу үшін өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келді. Вице-министр Оралдағы №3 емхананың жұмысымен танысты. Онымен бірге облыс әкімінің орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов, Бибігүл Қонысбаева болды.
Емхананы аралап көрген вице-министрдің айтуынша, оның облысқа келгендегі мақсаты - мүгедектікті тағайындау жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыру жайымен танысу. БҚО медициналық ақпараттық жүйе бойынша өңірлер арасынан көшбасшы әрі бірыңғай ақпараттық денсаулық сақтау жүйесіне қосылған. Сондықтан қанатқақты жоба бірінші болып Ақ Жайық өңірінде іске қосылады. Мүгедектікті тағайындау жобасы мүгедектікті тағайындауда көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуды көздейді. Бұрын азаматтар әуелі емханада тексеріліп, тиісті құжаттарды жинап, содан кейін ғана медициналық-әлеуметтік сараптамаға келіп, дәрігер-сараптамашыларға көрініп мүгедектік алатын. Жаңа жоба бойынша бұл жағдай өзгертілді, мүгедектік науқастың қатысынсыз тағайындалады. Яғни адам ағзасының қызмет көрсету көрсеткіштерінің барлығы денсаулық сақтау жүйесінен электронды түрде түседі де, тәуелсіз сарапшылар осы түскен көрсеткіштерді сараптау арқылы мүгедектікті тағайындайды. Олар кімге мүгедектік тағайындап отырғандарын да білмейтін болады.
- Біріншіден, пациент өзінің мүгедек екенін дәлелдеу үшін әр кабинетке жүгіріп, бұрынғыдай талай табалдырықты тоздырмайды. Екіншіден, жемқорлықты болдырмайды, адам факторы қатыспайды. Осындай цифрландырудың арқасында азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарып, оларға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы артатын болады. Бұл жоба БҚО-да алдағы мамыр айында іске қосылады, - деді Светлана Жақыпова.
Вице-министр қанатқақты жобаны іске асыруға төрт облыстың, яғни БҚО және Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарының таңдалып алынғанын айтты. Облыста бұл жоба тек №3 емханада жүзеге асырылады. Емханада табысты іске асқан жағдайда облыстың өзге де емханаларына таратылады.
№3 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрбану Сыздықованың айтуынша, азаматтар жеке куәлігімен ғана келіп, дәрігерлердің қағазға түсіретін мәліметтері бір кабинеттен медициналық-әлеуметтік сараптамаға электронды түрде жіберіледі. Мұның өзі құжат айналымын тездетеді.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Сурет - Айбатыр Нұраш