Бүгін сағат 6.30-да Орал қаласындағы «Ар-Рахман» мешітінде айт намазы оқылды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

– Құрметті жамағат! Баршаңызды күллі мұсылман жұртшылығы асыға күтетін ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – бауырмалдық пен мейірімділікке, ізгілік пен имандылыққа үндейтін қасиетті мереке. Бұл күндері Алланың ризалығы үшін құрбан шалу – үлкен сауапты амал. Сонымен қатар мұқтажға көмектесіп, қуанышты бөлісу – шынайы мұсылмандықтың көрінісі. Осы қасиетті мерекеде жасаған барша құлшылықтарымыз бен құрбандықтарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болғай! Отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық пен рухани өрлеу тілеймін. Алла Тағала ниеттерімізді қабыл етіп, екі дүниенің бақытына жеткізсін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! – деді Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы.

Айт намазын оқуға шамамен 3 000 мыңға жуық адам жиналды. «Alem Plaza» сауда орталығы мен «Maida» мейрамханасы аралығындағы жол жабылып, олардың намаз оқылуына мүмкіндік жасалды.

– Мұсылмандар бұл мейрамды асыға күтеді. Бұйырса, құрбан шаламын. Құрбандыққа шалынған мал етінің бір бөлігін аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы төмен жанұяларға бермекпін. Жақсылық жасап, жұртшылықтың алғысын алайық, – деді зейнеткер, Орал қаласының тұрғыны Наурызғали Орынғалиұлы.
Мәрлен Ғилымхан
Суретке түсірген: Мәди Салық
«Орал өңірі»