20.10.2021, 16:34
Оқылды: 46

Оралдағы әуежайға батыр қыздың есімі берілді

 Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс 7-ші сессиясы болды. Оған облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, сөз сөйледі. Сессияның күн тәртібіндегі  облыстық мәслихаттың өткен жылғы 15 желтоқсандағы «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселеге байланысты облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов баяндама жасады. 

1 (1) 

– Жалпы нақтылауға жататын қаржы 8,6 млрд. тегені құрады. Оның ішінде «Nur Otan»  партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асырудағы шығыстар 3,8 млрд. теңгені құрайды. Енгізілген өзгерістер есебімен облыстық бюджет шығыстары 331,4 млрд. Әлеуметтік салаға 3,2 млрд. теңге бағытталса, соның ішінде білім беруге – 2,7 млрд. теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке – 474,8 млн. теңге. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тиісінше 3 және 1,8 млрд. теңге бағытталды. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыруға, атап айтқанда, Бөрлі, Жәнібек аудандары мен Орал қаласы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуді аяқтауға 523,5 млн. теңге бағыттау жоспарланып отыр, – деді ол өзінің баяндамасында.

1 (34)

Сессияда облыс әкімі аппаратының басшысы Берік Батаев облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 27 мамырдағы «Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және олардың саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады.

1 (41)

Сессияның күн тәртібіндегі «Орал» халықаралық әуежайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы мәселеге орай облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева хабарлама жасап, «Nur Otan» партиясының жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің және облыстық мәслихат депутаттарының ұсынысы бойынша аталған серіктестікке батыр қыздың есімін беруді қабылдауды сұрады. Бұл ұсынысқа облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан дауыс берді. Сөйтіп әуежай алдағы уақытта Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын болды.

1 (12)

                                                                        Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале