10.04.2022, 22:16
Оқылды: 38

Оралдағы автобус парктері субсидияға мұқтаж

Орал қаласының қоғамдық көліктеріндегі сервис сапасы сын көтермейтінін көпшілік жиі айтады. Тұрғындар қанша дабыл қаққанымен, қалалық маршрут тамырына қан жүгіріп, қалыпқа келетін түрі көрінбейді. Десек те жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың өздері өлместің күйін кешіп отырған жайы бар екен. Облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездескен кәсіпорын басшылары субсидия төлемінің жеткіліксіздігінен бизнесі мүлдем тұралап қалуы мүмкін екендерін айтып, жанайқайларын жеткізді.  

2A6755BC-C05D-4D78-A3E4-F45EA8EB3547

Қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, 27 қалаішілік, 10 саяжай және қала маңындағы 6 машрут бойынша 270 техника іске қосылған. Шаһарда жолаушылар тасымалымен шұғылданатын алты кәсіпорын бар. Былтыр автоубс парктеріне 2 045,0 млн теңге көлемінде субсидия төленген. Тасымалдаушы компаниялар 79 үлкен және орта көлемдегі автобустарды сатып алған. Соның арқасында тозған көліктердің есебі 47%-дан 36%-ға азайған. 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында субсидия үшін 414 млн теңге бөлінген. Дегенмен бұл қаражат кәсіпорын шығындарын жабуға жетпейді. Тасымалдаушылар айына 300 милллион теңгеден субсидия төлеуді сұрап отыр. Шаһар басшысы алдағы уақытта қалалық мәслихаттың сессиясында 800 миллион теңге бөлу мәселесі қарастырылатынын хабарлады.

24F05E40-790B-4604-8AE6-FA15EE71BFDF

Қалалық маршруттар бойынша 2021 жылдың маусым айында электронды төлем жүйесі енгізілгелі қолма-қол ақшамен 7 834 413 адам есеп айырысса, электронды төлем (көлік және банк картасы, QR-код) көмегіне 3 985 495 адам жүгінген. Онлайн тәсілмен есеп айырысу айналымдағы қаражат мөлшерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ жаппай қолданысқа енгізу мәселесі әлі шешілмей келеді. Оған электронды төлемге ауысуға жолаушылардың асықпауы да, автотасымалдаушылардың құлықсыздық танытуы да себеп болып отыр. Қала әкімдігінің жолақы мөлшерін қолма-қол ақшамен 150 теңге, жаңа жүйемен 80 теңге деп белгілеген қаулысын тіркеуді ҚР Әділет министрлігі мақұлдамай тастаған. Яғни жолақы бағасы бұрын сараланған тариф мөлшерінен – 80 теңгеден аспауы тиіс.

5A4CBFD5-F436-4F8D-9CF9-03EF147DFCF0

Кәсіпорындардың басшылары ұзақ жылдардан бері тұрақты сақталынып отырған жолақыны өсірсе, бюджетке салмақ түсірмей, жағдайларын жақсарта алатындарын уәж қылып айтады. Олар не субсиядияның өспегені, не жолақының қымбаттамағаны себепті шаш-етектен шығынға батып отырмыз деп есептейді. Мәселен, «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-ның жылдық шығыны 128 276 000 теңгені құраған, оның 42 миллионын еңбекақы есебінде жұмысшыларға төлеген. «Оралавтотранс» ЖШС 60 281 120 теңгеге шығынданса, жанар-жағармай сатып алуға 23 133 964 теңге жұмсаған. «Оралтехсервис» ЖШС-ның жылдық шығыны 83 569 000 теңге жетсе, оның ішінде 6 924 000 теңгені несие ретінде төлеген.

Батыс Қазақстан автобус паркінің басшысы Марат Абдрахманов қала машрутын толыққанды жандандыру үшін 10 млрд теңге қажет екенін айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев биыл 3,9 млрд теңге тауып беруге келісіп отырғандарын қаперге салды. Қала әкімдігі бүгінге дейін келісілген субсидия төлемінің 1,2 млрд теңгесін ғана кәсіпорындар шотына аударды. Автобус парктері электронды төлем жүйесіне ауысуға ынталы екендерін жеткізді. Себебі қалалық машруттарда көбіне жалға алынған автобустар жүреді. «Көлеңкелі экономика» осы жерде көрініс беріп тұр, яғни жалға берушілер қолма-қол ақшамен есеп айырысқанды, негізгі табыстың бір бөлігін жасырып қалғанды, қалтаға басқанды құп көреді. Ал табыс мөлшері айнадай көрінетін электронды транзакция желісін кеңейту билік құрылымдарына да, кәсіпорындар басшылығына да тиімді.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын иелерінің дәйегінше, қолма-қол төлем бағасын өсіру көпшіліктің элеткронды төлемге жаппай ауысуына себепші болуы мүмкін. Өңір жетекшісі басқосуға қатысып отырған облыстық және қалалық қоғамдық кеңес басшыларына жолақы бағасы көтеру мәселесін талқылауды тапсырды. Әрине, қоғамдық кеңес мүшелері аталған ұсынысқа бірауыздан келіскен күннің өзінде тұрғындарға қазіргі қалыптасқан ахуалды ұғынықты жолмен түсіндіруі тиіс. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр облыс орталығында 23 584 963 адам қоғамдық көлікпен қатынаған. Оның ішінде «Батыс Дилижанс» ЖШС-ның автобустары  1 756 815, «Ақжол Авто» ЖШС-ның көліктері 3 011 478 жолаушыны діттеген аялдамаға түсірген.

«Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының» кебін киген кәсіпорындардың халі осындай. Олар субсидия төлемінің аз екенін алға тартады. Ал жергілікті бюджет қоржынынан сұранысқа сай бірден қаражат төлеу бас қатырар мәселеге айналып отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиев субсидия мәселесін шешуді қолға алатынын айтты. Көрші облыстардағы жағдайды сараласақ, Ақтөбе қаласында үш автобус паркі болса, 55 маршруттың 27-сі әлеуметтік маңызға ие. Қала бойынша 200 автобус қатынайды. Биыл қала әкімдігі тасымалдаушыларға 4 млрд 200 миллион теңге субсидия төлемек. Ал Атырау қаласындағы жеті автобус паркінде 220 техника бар. Қала әкімдігі 5 млрд 129 млн теңге субсидия қаражатын бөлуді жоспарлаған.

Қоғамдық көліктердің тазалығы, олардың жолаушыны есепсіз мінгізетіні, қас қарая тасымалды доғаратынына қатысты жиі шағымданатын тұрғындар наразылығы толастамай келеді. Қала әкімдігі де, кәсіпорындардың басшылары да сервис сапасын көтеруге дәрменсіздік танытып отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиев шаһар басшысына жол жүру интервалын өзгеріс енгізуді, қайталанып отырған машруттарды оңтайландыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Кей маршруттарды қысқарту ыждаһатты түрде ойластыруды қажет етеді. Тұрғындар, керісінше, ғайып болған № 8, 6, 45 маршурттарды қалыпқа келтіруді сұрап жүр. Мәселен, қаладағы №42 балабақшаға қоғамдық көлікпен бару қарастырылмағанын айтып ата-аналар дабыл қағуда. Қайтсе де, маршурт мәселесі қала әкімдігінің алқымынан алып тұрғын күрмеулі түйткілге айналды. Әзірше түйткіл тарқатылар көкжиек көрінер емес.

 Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале