17.11.2022, 18:58
Оқылды: 39

Оралдағы балалар ауылында әлеуметтік жобалар қорытындыланды

 Оралдағы облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында «Балалар жылына» орай  отандық өнімді дамыту, салт дәстүрді дәріптеу, балаларды шығармашылыққа бағыттауға  арналған  «Балалардың сән әлемі» атты шара өтті.

1668689535027

Атаулы жылы мекемеде бірнеше жоба жүзеге асқан.  Атап айтсақ, «Кітап оқу уақыты» жобасы аясында балалар ауылының кітап сөресі жаңа кітаптар топтамасымен толыққан. Шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында тегін шет тілі үйірмелері, бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін спорттық шаралар, түлектерге кәсіптік бағдар беру бағытында сабақтар ұйымдастырылған. «Birgemiz: Sabaqtastyq» әлеуметтік жобасы шеңберінде қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер дизайн дағдыларын оқытып, қыздарға киім үлгілерін тігу, «Сұлулықтың шебері» жобасында кірпік пен қас контурларын сәндеу, «Пластик терезелер мен есіктерді өндіру және  орнату» жобасы  пластик терезелерді  дайындау және оның компоненттерін үйреткен. Ал «Бақытты балалық шақ» жобасында балалалар салған суреттерін кеудешеге, шоппер сөмкеге сәндеп салуды меңгерген.

1668689564886

Шарада балалар ауылының директоры Рәзия Сүйіншалиева аталған жобаларды бірге  жүзеге асырған барлық үкіметтік емес ұйымдарға және қоғамдық бірлестік жетекшілеріне алғыс білдіріп, марапаттады.

Сондай-ақ кәмелет жасына толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның елшеусіз жұмысын атап өтіп, мүшелеріне рахмет айтты.

1668689517397

Олардың арасында мекеменің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Людмила Щукина, «Аялаған Алақан» қайырымдылық қорының  директоры Рада Хайрушева, «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігі президенті  Әділет Берікқалиев, «Интеграл»  жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Айда Мектепқалиева, жеке кәсіпкер Данияр  Маратұлы, «Жайық Аманаты» қоғамдық қорының төрағасы Серік Мукашев, жеке кәсіпкер Лунара Абуллаева бар.

1668689495735

-Балалар үйінің жобасына алғаш рет қатысып отырмын. Балалармен бірге жұмыстандық. Болашақта өздері де кәсіппен айналыссын деген мақсатпен  пластик терезені жасауды үйреттік. Алдымен кіріспе нұсқаулық, қауіпсіздік ережелерінен бастадық. Кейбір балалар кәмелет жасына толмағандықтан тек қасымызда жүріп, көзбен көріп үйренді. Кейбіреулері практикалық жұмыстарды жасады. Біздің салада кадрлар жетіспейді. Алдағы уақытта бұл балалар да маман атанып, еңбекке араласады деп ойлаймын, - дейді «Окналюкс» жеке кәсіпкерлігінің иесі Данияр Маратұлы.

Айта кетейік, кәсіпкер «Birgemiz: Sabaqtastyq» әлеуметтік жобасына қолдау көрсетіп және белсенді қатысқаны үшін білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңесінің грамотасы және төсбелгісімен марапатталды.

1668689472539

Жиын Батыс Қазақстан облысының дизайнерлері мен модельерлерінің қауымдастығының балаларға арналған киімдер үлгісінің көрсетілімімен аяқталды.

1668689448171

Динара Тілекқызы,

Суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале