17.05.2018, 18:10
Оқылды: 29

Оралдағы көп қабатты үйлердің құрылысы мерзімінен кешігуде

Nurly zhol (2)Мердігерлер бұл жайында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» комиссиясының мүшелеріне хабарлады.

Бұл комиссия «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары бойынша Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалайды. Құрамында жергілікті мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері бар топ кезекті рейдтік тексерісті Орал қаласының Әбубәкір Кердері көшесіндегі №2 жылу магистралі желісін жөндеу жұмысын көруден бастады. Көше бойындағы монтаждау жұмысы жайында «Жайықжылуқуат» АҚ-ның техникалық директоры Нұрболат Жұмалиев есеп берді. Биыл Орал қаласындағы жылу желілерін жөндеуге арналған 4 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюдеттен 1 487,94 миллион теңге бөлінген.

– Жылу магистральдарын  күрделі жөндеу соңғы рет 1987 жылы жүргізілген. Соған байланысты үш жыл бұрын қайтадан жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға шешім қабылданды. Сараптама қорытындысына сәйкес №2 және 7 жылу магистралын толығымен ауыстыруға шешім қабылданды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында 2600-ден астам метр магистраль желілері күрделі жөнделеді.

Қазіргі уақытта қала бойынша жылу беру жүктемесі көбеюде, соған байланысты диаметрі ұлғайтылған құбырлар салынуда. Жаңадан салынған шойын құбырлардың әр шаршы сантиметрі 48 келіге дейінгі қысымға шыдауға қауқарлы. Жөндеу жұмысын «Уральскводстрой» АҚ бес ай ішінде атқарып болуы тиіс. №2 учаскеде сәуір айында басталған монтаждау жұмысының 45 пайызы орыдалды, – деді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның техникалық директоры Нұрболат Жұмалиев.

Nurly zhol (1)– Тозған жылу желілерін жөндеу мерзімінен ерте аяқталады деп жоспарлануда. Желі бойына салынып жатқан құбырдың сапасы жақсы. Бұл жобаға жеткілікті қаражат бөлінген, – деді комиссия мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Мұхтар Дәулетжанов.

Комиссия мүшелері кейін Орал-Атырау және Орал-Саратов жолдары аралығында салынып жатқан көп қабатты екі үйдің құрылыс жайымен танысты. Оның біреуін «ЖайықСельСтрой» ЖШС қолға алған. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Тапырыс беруші – Орал қалалық құрылыс бөлімі. Техникалық қадағалаушы – «Жаңа консалтинг ЛТД». Былтырғы маусым айынан басталған 120 пәтерлік 9 қабатты үйдің құрылысы он ай ішінде аяқталуы тиіс екен. Бірақ серіктестіктің бас директорының орынбасары Жасылан Мырзаболатов былтырғы қараша айынан бері тапсырыс беруші тарапынан жобаны қаржыландыру уақытша тоқтағаннан кейін үйді салу бес айдан астам уақыт бойы жұмыс кестесіне сай жүргізілмегенін айтты.

– Келісімшарт бойынша тапсырыс беруші қаражатты кешіктірген жағдайда құрылысты тоқтатуға құқығымыз бар. Қосымша жүргізілген келіссөз бойынша мамыр айына белгіленсе де, сәуір айынан бастап құрылысты қайтадан қолға алдық. Бүгінге дейін қаржының 50 пайызы ғана бөлінді. Екінші жартыжылдықта құжаттан кеткен қателік қайта қаралып, қаржыландыру мәселесі реттелуі тиіс. Серіктестік қарауында 100-ге тарта жұмысша бар. Қазіргі уақытта плиталарды төсеу, жылу жүйесін жабдықтау жүргізілуде. Құрылысты шілде айында аяқтауды жоспарлаудамыз. Әзірше серіктестік қосымша несие алып, құрылысты өз қаражатына жүргізуде. Тапсырыс беруші қаржыны аударуды тағы да кешеуілдетсе, құрылысты жуырда аяқтай алмаймыз, – деді Жасылан Мырзаболатов.

Осы құрылыс учаскесіне жақын аумақта «Болашақ-Т» ЖШС 180 пәтерлік 9 қабатты үйді салуда. Бұл жобаға 1,4 млрд. теңге қарастырылған. Бірақ былтырғы тамыз айынан басталған қаражаттың уақытылы аяқталмауына байланысты құрылысты жүргізу төрт айға кідірген. Бекітілген жоба бойынша үй сегіз ай ішінде салынып болуы тиіс екен. Бүгінге дейін құрылыстың 70 пайызы орындалған.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

 

 

                                                                                                                                        

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале