Алматыда 10-нан аса елден 3 мыңнан астам қатысушының басын қосқан Орталық Азиядағы робототехника және дрондар чемпионаты – Almaty Tech Cup 2025 мәресіне жетті.

FLL бағыты бойынша Орал Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Tidal Tumble» командасы «Robot Design» категориясы бойынша жеңімпаз атанып, Аустралияның Сидней қаласында өтетін «Asia Pacific Open First Championship 2025» халықаралық жарысына жолдама алды.
НЗМ оқушылары робот дизайны бойынша өздерінің инновациялық шешімдерімен ерекшеленіп, жоғары бағаға ие болды. Оқушылардың бұл жетістігі – олардың техникалық білімінің, шығармашылық қабілеттерінің және командалық жұмысының жоғары деңгейін көрсетеді.
«Asia Pacific Open First Championship 2025» – робототехника саласындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі. Бұл сайысқа әлемнің әр түкпірінен үздік командалар қатысып, өз жобаларын ұсынады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің жеңімпаз командасы енді Қазақстанның намысын әлемдік деңгейде қорғауға дайындалып жатыр.

Бұл жеңіс оқушылардың қажырлы еңбегінің, жетекшілерінің кәсіби дайындығының және Назарбаев Зияткерлік мектептерінде STEM-білім берудің жоғары деңгейде жүзеге асырылатынының айқын дәлелі.
Оқушыларымызға алдағы халықаралық додада сәттілік тілейміз!
Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев
Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі