Оралда перинаталдық орталық қызметкерінің лифтте қаза табуына қатысты тергеудің қорытындысы белгілі болды. Тергеу барысында жұмыс берушінің кінәсі анықталды. 50 жастағы Эльмира Жұматова жұмысқа жарамсыз лифтті пайдаланған. Ол лифтпен тіпті босанатын әйелдер де тасымалданған. Қазір аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы оқыс оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Комиссия қайғылы оқиға перинаталдық орталықтағы лифттің ақауы салдарынан болған деген қорытындыға келген.
"Оқиғаға жауаптылар - перинаталдық орталықтың директоры мен шаруашылық бөлімінің меңгерушісі. Олар медициналық мекемеде істен шыққан, жарамсыз лифттер жұмыс істеп тұрғанын мойындады. Жалпы перинаталдық орталықта 6 лифт бар, оның үшеуінің пайдалану мерзімі 2014 жылы біткен", - деді БҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазбек Жұмагереев.
Қазір тергеу нәтижесі Абай полиция бөліміне берілді.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиға бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын зерделеуге бағытталған қылмыстық іс бойынша тергеу нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады", - деп хабарлады БҚО полиция департаментінен.
Еске салайық, 2021 жылдың 31 желтоқсанында перинаталдық орталықтың 50 жастағы қызметкері жүк лифтінің кабинасы мен шахтаның арасында қысылып қалып, мерт болған. Мәйітті құтқарушылар алып шығуға тура келді. Жәбірленуші медициналық мекемеде лифтші болып жұмыс істеген.