19.03.2024, 9:45
Оқылды: 77

Оралдағы саяжайлар қауіпті аймақта тұр

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте БҚО ТЖД бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев қазіргі уақытта Ириклин су қоймасының 83%-ы суға толғанын айтты. 15 наурызға дейін су қоймасының  шығыны секундына 15 м3 болса, одан кейінгі күндері су шығыны секундына 30 м3-ге жетті. Бұл – Жайық, Деркөл және Шаған өзендерінің жайылмалары бойындағы елді мекендер мен Орал қаласындағы шеткері аймақтарын су басу қаупі жоғары деген сөз.

IMG_6124

Жуырда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен құтқарушылар қала іргесіндегі саяжайларға барып, су тасқынының алдын алу, халықты апаттан сақтандыру бағытында арнайы рейд жүргізді.

– Мұндай рейд апта сайын өтіп тұрады. Құтқарушылар да демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Әр сенбі сайын су тасқынына қарсы сенбіліктер өткізіледі. Оның барысында арықтар мен құбырлар тазаланады. Елді мекендер мен саяжай тұрғындарын сақтандыру үшін жадынамалар таратамыз, – дейді ТЖД алдын алу басқармасының инженері Әйбек Ғадылжанов. Оның айтуынша, қала маңында 85 саяжай қауымдастығы бар. ТЖД-ның инженері өзен маңындағы саяжайларды су басу қаупі жоғары екенін айтты.

– Су деңгейі көп не аз болса да, саяжайлар өзен алабына жақын орналасқандықтан, су басу қаупі бұл жерлерде өте жоғары. Сондықтан тасқынның алдын алу жұмыстары кезінде, ең алдымен, осы жерлерде тұратын отбасыларға бас сұғамыз, – дейді  Әйбек  Ғадылжанов.

Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары облыс әкімі төрағалығымен өткен отырыста және облыс әкімі бекіткен «Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес жүргізілуде.

IMG_6090

Рейдке құтқарушылардан бөлек волонтерлер де қатысты. Игі істің қасынан табылатын еріктілер құтқарушылармен бірге түсіндіру жұмысын жүргізу, тілсіз жаудан қорғанудың жолдарын да меңгерген. Сұрақ туындаған тұрғындарға қайда, қалай хабарласу керек екенін жіті түсіндіріп, тіпті арықтарды тазалау жұмысына да атсалысты.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Фото: М.Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале