Әр елдің ұлттық мәдениетінің негізі – оның өнері мен салт-дәстүрінде жатқаны баршаға мәлім. Биыл Батыс Қазақстан өңірінде мәдениеттің бір саласы – музыкалық өнерді дамытуда ерекше орын алатын Құрманғазы атындағы саз колледжі 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл тарихи оқу орны 1944 жылы, Ұлы Отан соғысы кезінде, Алматы қаласында ашылған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен қатар Орал қаласында құрылған болатын. Осы уақыттан бері колледж еліміздің музыкалық өнерін дамытуға зор үлес қосып, әлемдік сахналарда өнер көрсеткен талай талантты тұлғаны тәрбиелеп шығарды. Мысалға, СССР халық әртісі, опера әншісі, педагог Роза Үмбетқызы Жаманова – колледждің алғашқы түлектерінің бірі. Одан бөлек, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, үрмелі аспап – гобойдың шебері Тимур Ткишев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Айтжан Тоқтаған, дирижер Қырымгерей Қажымұлы, сондай-ақ ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын әрі жыршы Қатимолла Бердіғалиев сынды көптеген танымал өнерпаздар осы колледждің мақтанышы.
Қазіргі таңда колледж түлектері халықаралық деңгейде танылған дарынды мамандардың қатарында. Мысалы, 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына кірген күйсандық шебері, композитор Саида Халықова, Мәскеу филармониясының жеке орындаушысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұханбетов, театр және кино әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Назгүл Қарабалина – өңіріміздің мақтаныштары. Колледж еліміздегі және шетелдік университеттермен байланыс орнатып, талантты түлектеріне әлемдік деңгейде білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
«Өмір – теңіз, еңбек – егіз» демекші, уақыт өте келе оқу орнында да буын алмасу орын алады. Зейнеткерлікке шыққан Петр Михайлович, Тайса Қияқбайқызы, Қымбат Дүйсенқызы, Асылғаным Еселқызы, Қымбат Жақсығалиқызы, Сәуле Жаманқызы, Алтын Айтқалиқызы, Серік Әкімұлы, Гүлмира Тұранқызы, Елена Юрьевна, Сергей Анатольевич, Марина Михайловна, Олег Владимирович, Валерий Евгеньевич сынды ұстаздарды ерекше атап өту қажет. Сонымен қатар өмірден өткен әріптестерімізге, ұстаздарымызға арнап дұға етіп, олардың еңбегін еске алуды да парыз санаймыз. Бұл қатарда Алман Нысанбайқызы, Ольга Александровна, Қалия Шәмшіқызы, Эльвира Сырымқызы, Мәди Жұмабай-ұлы және басқа да ұстаздардың есімі құрметпен аталады.
Колледждің бүгінгі табысты жетістіктері әлбетте оның басшыларының көрегендігімен тікелей байланысты. Қазіргі кезде колледж ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күй-ші Нұржан Сертековтің басшылығымен жемісті еңбек етіп келеді.
Әдиет Қаратаев,
Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқытушысы, ғылым магистрі,
Орал қаласы