Бүгін Орал қаласындағы «Талап» АҚ медицина орталығында магнитті-резонансты томография кабинеті ашылды. Аталған орталық алғаш рет мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде еліміздегі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие рәсімдеп, «Siemens Magneton» ныпсылы МРТ құрылғысын алуға қол жеткізген.
Заманауи үлгідегі құрылғы орталыққа жүгінген адамдардың толықтай тексерілуден өтуіне мүмкіндік туғызатын болады.
-Біздің орталықта ашылған МРТ кабинетіне қойылған «Siemens Magneton» құрылғысы еліміз бойынша бірінші рет пайдалунуға беріліп отыр. Басқа өңірлерден келіп, құрылғыны тексеріп көрген білікті дәрігерлер де аппараттың мүмкіндігіне жоғары баға берді. Бұл құрылғының көмегімен келушілердің бас сүйегіне, омыртқасы мен буындарына, сондай-ақ ішкі құрылыстарына толықтай тексеріс жүргізе аламыз. Бүгінде тәулігіне 7-10 келушіге қызмет көрсетудеміз,-дейді МРТ кабинетінің аға лаборанты Гүлсім Саймова.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрғуатовтың айтуынша, аталған бағдарламаның игілігін көрушілердің басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелері екен. Бұл жеңілдетілген несие 6 пайызбен, 10 жыл мерзімге беріледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс жасайтын жобалық кеңсе «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 25,5 млрд. теңгені құрайтын 189 жобаны жүзеге асыруда. Өткен жылдың өзінде 9,9 млрд. теңгенің 164 жобасы мақұлданған болса, 13 жоба қаралу үстінде. Құны 4,9 млрд. тегені құрайтын 144 жоба өңір аудандарына тиесілі болса, 5 млрд. теңгенің 20 жобасы облыс орталығында жүзеге асуда. Мысалы, Казталов ауданы аумағындағы «Мясная индустрия» ЖШС 1,6 млрд. теңгенің 18 жобасын жүзеге асыруға бел байлап, аудандар арасында көш бастап тұр. Ақжайық ауданында да 745 млн. теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Нұрбек Оразаев,
Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz