27.02.2025, 11:30
Оқылды: 122

«Оралдан алыстасам, сағыныш маза бермейді»

Көктем  алғыс  айту  күні  мерекесімен  басталады.  Бұл  күн  – негізінен  елімізде  тұратын өзге  этнос  өкілдерінің  Қазақстан  халқына  деген  ризашылығын  білдіретін  атаулы  дата.  Десе  де,  кеңпейілді,  жомарт  жүректі  қазақ  аталмыш  күнді  тұтас  ұлт  мейрамы  ретінде  қабылдады.  Адамдар ата-анасын, бауырларын, жанашыр  жандары  мен  жақындарын  құттықтап,  жүрек  түкпіріндегі  жылы  сөздерін  айтысып  жатады.  Жақында редакциямызға  өңір  тұрғыны  Владимир  Хон  келіп,  Жайық  жұртшылығына  деген  алғысын  ақтарды.

WhatsApp Image 2025-02-25 at 15.51.25

Владимир Николайұлының әкесі мен анасы Ресейден Оралға еріксіз көшірілген кезде әкесі 14, анасы 12-де болған. Анасының әкесі, яғни нағашы атасына жала жабылып, жазықсыз түзеу лагеріне жөнелтілген. «Бұл Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған тұс, 1937 жыл болуы керек», – дейді кейіпкеріміз. Кәрістерді, өзге де ұлт зиялыларын және олардың отбасын көліктерге тиеп, қайда апара жатқанын айтпай, сол кездегі Орал облысына қарасты аудандарға топ-тобымен әкеліп тастаған. Барар жері, басар тауы жоқ шарасыз қалған өзге ұлт өкілдерін Ақ Жайық өңіріндегі тұрғындар далада қалдырмай, қабылдайды.  Сол кездерде қазақ даласында да жағдай мәз болмағаны белгілі. Солақай жүйенің теперішін көрген ұлт аз ба? Бірақ соған қарамастан, қазақ халқы келушілердің түрі мен өңіне мән бермей, тілін түсінбесе де, қолда барын ұсынып, көмек көрсетуге даяр болған. Бірі тұруға жарамды деген сарайына орналастырса, енді бірі үйінің бір бөлмесіне кіргізген. «Сен бізге жатсың» демей, жанына жақын тартқан. Кейіпкеріміз Владимир Хонның ата-анасы алғашында екеуі екі ауданға түскен. Кейін өсе келе бір-бірін іздеп  тауып,  үйленген  екен.

– Ата-анам бала күндеріндегі естеліктерін, қазақтардың қонақжайлығын, мейірбандығын үнемі айтып отыратын. Оларды Оралға қыс мезгіліне таяу әкелсе керек. «Сол жылы қыс қатты суық, жазда аптап ыстық болды. Осы бір қиын күндерде қазақ халқы қол ұшын созбағанда, қазір аман қалар ма едік?!» деп отыратын. Қазақ пен кәріс азаматтарының бет-бейнелерінде ұқсастық бар. Әлде туғанымнан осы жерде өсіп-жетілгеннен бе мені көбі қазақ деп қалып жатады. Көшеде, қоғамдық көлікте үлкен ата- әжелер «балам» деп елжірей түседі. Айналадағы достардан, көрші мен көпшіліктен өгейлік көрмедік. Тіпті қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын дегенде, төбем көкке жетердей қуандым. Жұбайым қазақтың ұлттық тағамдарын ас мәзіріне жиі қосады. Ол мейрам күндері бауырсақ пісіріп, бешбармақ дайындайды. Көршімізбен бөліп тұрған шарбақтың биіктігі тым қысқа. Есіктен кірген-шыққан уақытта бір-бірімізбен емен-жарқын әңгімелесіп, хәл-жағдай сұрасып тұрамыз. Біз араласатын қазақ отбасылары өте көп, олармен байланысты ешқашан  үзген  емеспіз.

Владимир Николайұлы Кеңес үкіметі ыдырап, боданындағы мемлекеттер тәуелсіздік алғанда ондағы өзге ұлттар атажұртына аттанғанын айтады. Қазақстандағы кәріс отбасылары қимастықпен қоштасқан көрінеді. Туған жер менмұндалап шақырып тұрғанымен, бұл даланың мейірімді халқын, қара бұлт төнгенде пана болған Отанды тастауға кей жұртшылықтың дәті бармай, осында қалған. Корей халқының Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылғанына 75 жыл толуына орай облыстық Корей этно-мәдени бірлестігі Оралдағы П. Атоян атындағы стадион маңындағы саябаққа «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін тұрғызуға сеп болып, салтанатты жиын өткізген. «Қазақ пен кәріс халқының түр-өңі, бет-әлпеті ғана емес, ішкі жан дүниесінде де ұқсастық бар» дейді Владимир Николайұлы.

– Қолым босай қалса, табиғат аясында серуендегенді ұнатамын. Әсіресе балық аулауға жиі барып тұрамын. Айналама көз жүгіртсем, қала тұрғындарын, соның ішінде қазақтарды көп байқаймын. Қазір зейнет жасында болған соң таза ауада демалуды жиілеттім. Осындай әсем табиғаты бар Қазақстанымды жақсы көремін. Германиялық азаматқа тұрмысқа шыққан әпкем Людмиланың Оралға бір бүйрегі бұрады да тұрады. Өздері жақында ғана келіп кеткен. Оларға «Өзге елге неге қыдырмайсыңдар?» деп Еуропаны нұсқап жіберсем де, әр жылғы демалысында Жайыққа келгенді жөн көреді. Сөйтсем, бұл кіндік қаны тамып, алғаш тәй-тәйлап адым басқан туған жеріне деген сағыныш екен ғой жібермейтін. Мұндай сағыныш сезімі менің де бойымнан өткен. Өзім 1968-1971 жылдары әскери борышымды өтедім. Кейін қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ауыл шаруашылығы мамандығында білім алдым. Мамандығым бойынша Ақтөбе қаласына жұмысқа жіберді. Онда он жыл көлемінде еңбек етіп, білімімді жетілдіру мақсатында Мәскеу қаласындағы университеттің аспирантурасына оқуға түстім. Ғылыми диссертациямды сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атандым. БҚАТУ-да студенттерге дәріс оқып, ұстаздық қызметке орналастым. Оралдан алыстасам, сағыныш сезімі маған да маза бермейтін. Ал атажұртымды бір көру көптен арманым болған.

1995 жылы Кореяда бүкіләлемдік жиын болған. Облыстық делегацияның қатарына  қосылып, Кореяға ұшу үшін Алматыға бардым. Қырғызстан мен Тәжікстанда тұратын кәрістер де Алматыдан ұшпақшы екен. Бұл  басқосу  екі  күнге  созылды.

Владимир Хон облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуына үлес қосқан. Алғаш құрылған жылдары корей этно-мәдени бірлестігінің басқарма төрағасы болыпты. 1989 жылдан бері Қазақстандағы ұлт бірлігі мен тұтастығы үшін қызмет етіп келеді. Ғылым кандидаты атанған соң, облыстық Экология департаментімен бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Кейіпкеріміз әңгімесін түйіндей келе, «Көктем мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Қарапайым тұрғындардың қилы заманның қиын-қыстау күндерінде жасаған жақсылықтарын кәріс халқы мүлде ұмытпайды. Отанымыздың өркендеуіне, қаламыздың дамуына тамшыдай үлес қоса алсам, одан артық қуаныш жоқ. Ақ Жайық – жаныма жақын мекен, жұрты да кеңпейілді. Сіздерге айтар алғысым шексіз, қадірлі  Отандастар!»  деді.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале