Кеше Орал қаласындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ және облыстық ҚХА татар этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Уақыт тынысы. Тоқай – мәңгілікке саяхат» атты іс-шара өтті. Этномәдени бірлестік төрағалары және өкілдері қатысқан іс-шарада Ғабдолла Тоқайдың өмірі, шығармашылығы және киноматография хақында қызықты деректер айтылды.
Татарстан кинематографистер одағы төрағасының орынбасары, дыбыс режиссері Виктор Клячкин және продюсер Олег Суров іс-шара қатысушыларымен емін-еркін қарым-қатынас орнатып, Татарстан киноматографиясы туралы сөз өрбітті. Осыдан біразырақ жыл бұрын кино түсіруге қолданылған неше түрлі құрылғылармен таныстырды.
«Конвос», батареяның көмегінсіз жұмыс жасайтын кинокамералардың, микрофондардың қалай пайдаланылғаны жөнінде мағлұмат айтты. Адамзаттың кино саласындағы алғашқы қадамдары мен әлемдегі ең алғашқы фильм саналатын 1896 жылы ағайынды Люмьерлер түсірген «Ла-Сиота вокзалына пойыздың келуі» қысқаметражды фильмі жайлы әңгімеледі. Кеш қонақтары экраннан Чарли Чаплинді көріп, қуанып қалды.
Әңгіме Ғабдолла Тоқай шығармашылығына қарай ойысқанда:
– Ғабдолла Тоқай – белгілі ақын, журналист, аудармашы, педагог. Ол «Шурале» поэмасы секілді сүйекті шығармалардың авторы. Әрбір өлеңін татар халқы сүйіп оқиды. Тіл туралы толғаныстары толқытпай қоймайды. Ғабдолла Тоқайдың шығармашылығы сөз болған жерде Орал айтылмай қалмайды. Орал – ақынның отанына айналған қала. Өлеңдерінің көп бөлігі осында жазылды. Оралдың ақын өмірінен алатын орны ерекше. Тым қысқа ғұмыр кешкен ақын Қазанда тек қана 6 жыл уақытын өткізсе, Оралда 12 жыл бойы өмір сүрген. Оны Оралдың әсем табиғаты шабыттандыра түскені ақиқат, – деген Ғабдолла Тоқай әдеби музейінің директоры, филология факультетінің кандидаты Гузель Тухватова Ғабдолла Тоқайдың тіл туралы өлеңін оқып берді.
Режиссер Алексей Борыкиннің Оралда түсірілген «Ғабдолла Тоқай Оралда» деректі фильмі көрсетілді. Деректі фильмде ақын шығармашылығы кеңінен насихатталған.
– Қазан қаласының тұрғындары Ғабдолла Тоқайды ерекше құрметтейді. Оның өмірінің көп бөлігі Оралда өткенін қашанда айтып жүреміз. Мұны бірі білсе, бірі білмейді. Ақын балалық шағындағы естеліктерді Оралда хатқа түсірген. Болашақта осы көне шаһарда кино түсіру жоспарда бар, – деді Алексей Борыкин.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Бекназаров, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медғат Қамбетов, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры Түймеш Дәрішева және т.б. кешке қатысушылар ізгі тілектерін білдіріп, Татарстаннан келген қонақтардың алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Іс-шара соңында Алексей Борыкиннің «Водяная» фильмі көрсетілді.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz