11 жастағы Сулейман Сұлтан шетелдіктерді қазақ биімен тәнті еткен. Испания елінде өткен халықаралық байқаудан жүлде алып келе жатыр. Байқау 25-30 күндері Каталония автономиясында өтті.
Халықаралық жарысқа 20-дан астам елден келген өнерлі балалар қатысқан. Атап айтсақ, Африка, Малайзия, Болгария, Литва, Германия, Украина, Испания, Франция мемлекетінен келгендер бар. Бұл фестиваль-байқауға вокал студиялары мен хор, хореография ұжымдары, оркестрлар мен музыка топтары, театрлар, суретшілер мен дизайнерлер, сондай-ақ жеке әншілер қатыса алады. «Super Grand Prix» атауымен өткен халықаралық фестиваль-турдың ұйымдастырушысы - Испанияның Fiestalonia Milenio фестиваль комитеті. Би жанрынан Сулейман Қазақстанның атынан қатысуға арнайы шақырту алған.
- Fiestalonia Milenio фестиваль федерациясының президенті Давид Джапаридзе Қазақстанға арнайы келгені жөнінде естідім. Іріктеу Ақтөбе қаласында өтті. Оған бізді де шақырды. Ұлттық би ұнап бірден Испанияда ұйымдастырылатын фестивальға жолдама берді.
Сулейман 5 жасынан бастап сахнада өнер көрсетіп келеді. Республикалық және халықаралық байқауларда сынға түсіп жүр. Былтыр Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен халықаралық байқаудан «Бас жүлде» алып келді, - дейді жас өреннің жетекшісі әрі әкесі Сұлтан Даутов.
zhaikpress.kz
Фото: Сұлтан Даутов