Бибол Серікқалиев,
компьютерлік-бейнелеу және анимация,
digital art, графика суретшісі
Ол кім?
Бірде Оралдағы «Білгім келеді» оқырман клубының кездесуі «Махаббат. Өнер. Талант» тақырыбына арналды. Сол оқырман жиынында Бибол есімді жігіт зауытта жұмыс істеп жүріп әріптестерінің суретін салып жүргенін, кейін өмірін суретпен байланыстырамын деп мүлдем ойламағанын айтты. Электроэнергетиктің қалай суретшіге айналғаны, бізді де қызықтыра түсті.
Биболдың зауытта жұмыс істеп жүргенде салған суреті
Қазір компьютерлік-бейнелеу және графика суретшісі әрі ұстаз қызметін атқарып жүрген Бибол Серікқалиев Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылы (бұрынғы Кожехар) ауылында дүниеге келген. Ол үйінде баланың үлкені, өзінен кейін қарындасы мен інісі бар. Бір қызығы әулетінде өнерге ешкімнің қатысы жоқ.
- Ауылда ата-әжемнің қолында өстім. Тек 2-сыныпқа келгенде қаладағы әке-шешемнің қасына келдім. Кейін 9-сыныпта ауылыма оралдым. Әкем үнемі бізге білім алып, оқып, өз жолымызды табу керектігін айтып отырды. Зауытта жүріп салған суреттерімді көрген механика цехының шебері Көңілқош ағайдың: «Бибол, сурет салу қолыңнан келеді, тастама! Көріп тұрмын» деген сөзіне ағалық қамқорлығы деп аса мән бермедім. Бірақ уақыт оның көреген кісі екендігіне көз жеткізді, - дейді кейіпкеріміз.
«Эксперимент жасағанды жақсы көретінмін»
Бала кезінен электротехникалық аспаптарды бұзып, жинап, олардан жаңа зат жасауды әдетке айналдырған Бибол 2015 жылы мектепті аяқтаған соң Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың политехника факультетінің электроэнергетика мамандығы бойынша оқуға құжат тапсырады.
- Мен қызығатын нәрсе электроэнергетика еді. Оған араласқан ортамның да тікелей әсері бар. Эксперимент істегенді жақсы көретінмін. Сызуға да ептімін. Электроэнергетикада сызба аса маңызды. Төртінші курста мемлекеттік сараманнан өту үшін арнайы іздеп, Орал трансформатор зауытына бардым. Олар қарым-қабілетімді байқап, жастар практикасы арқылы жұмысқа алды. Осылайша зауыт операторы болып шыға келдім. Диплом алған соң диспетчер-координатор қызметіне ауыстырды. Міндетім тапсырыс түскеннен бастап өнім дайындалып жіберілгенге дейінгі кезеңді қадағалау еді. Арада бір жыл өтті...
«Бес-алты блокнот суретке толды»
- Жұмыста жігіттер станокпен жұмыс істеп жатады. Жандарына барып блокнотқа жобалап нобайын сызып аламын да, кабинетіме барып толықтай саламын. Көрсеткенде бір-бірін танып, таңданып жататын. Осылай бес-алты блокнот суретке толды.
2020 жылы «Digital-art» тақырыбына байланысты халықаралық онлайн сурет байқауының өтетінін көріп, суреттерімді фотоға түсіріп жібердім. Бір күні конкурстың қорытындысы шығып, почтама жауап келді. Хатта: «Сізге байқауға қатысқаныңыз үшін бізден бонус, кез келген техникаға 50 пайыз жеңілдік береміз» делінген.
Көбі графикалық планшет алып жатқан соң Бибол да соны сатып алады. Жаңа құрылғысының не екенін түсіне қоймаса да, қолдануды білмесе де планшетті ноутбукке жалғап, графикалық сурет салуды интернеттен қарап меңгере бастайды. Осы кезге дейін суретті қарындаш, қаламмен ғана салып келіп еді.
- Зауытта сегіз сағат жұмыс. Үйге келіп екі сағат планшетпен сурет салуға уақыт бөлемін. Сурет салуға арналған Krita бағдарламасын үйрендім. Екі айда әжептәуір меңгеріп алдым. Қолым үйренді, - дейді Бибол.
Осылайша техниканы пайдалана отырып графикалық суретті салуды үйренеді.
«Енді не істейсің?»
Бибол уақыт өте зауыттағы жұмысына қызығушылығы басылғанын жасырмады. Мамандығымның қыр-сырын игеріп болған ол 2021 жылдың 30 қазанында жұмыстан шығуға арыз жазады.
- Сол күні үйге келіп кешкі ас ішіп отырғанда жұмыстан шыққанымды айттым. Отбасым қатты таң қалып, сене алмады. Әкем бірден «Енді не істейсің?» деді. «Сурет саламын», - дедім. Сурет салуды жалғастыра бердім. Жұмысымды instagram парақшама жүктеп қоямын. Ешқайда ресми жұмыс істемесем де тапсырыстарды онлайн қабылдап жүрдім. Біртіндеп анимацияға көштім. Үйренген сайын сұрақ туындай берді. Жауабын іздеймін. Бұл салада мүлде танысым болған жоқ. Барлығын интернеттен іздедім. Қазақстанда графикалық суретшілер болғанымен, Оралдан таппадым. Тек Boken animation ұжымының «Бейнеле» мультфильмін шығарғанын естимін, - деді суретші.
«Алматы жаныма жайлы емес екенін түсіндім»
Бірнеше ай тек тапсырыспен жұмыс жасап отырған кейіпкеріміз үйіндегі үлкендердің қолқа салуымен Ақсайға жұмысқа орналасады. Бір айдай мамандығы бойынша жұмыс істеген.
- Жұмыста жүріп видеомонтаж курсын оқып алғаным бар. Оған да тапсырыс көбейді. Ақсайда бір ай әріптес болған техникалық директор Алматыдан бір жоба ұсынды. Еш ойланбастан келістім. Бірден Алатау баурайына жол жүріп кеттім. Жылыжай салынып жатыр екен. Жылыжайдың шаруасын ретке келтірген соң, анимация дайындайтын студияларды іздедім. Іnstargram-ды ақтарып отырып KHAN COMICS парашасына тап болдым. Хабарласып, барып көргім келетінімді айттым.
Кеңсеге келсем қолдарында планшет, ноутбук ұстаған отыз шақты адам қызу жұмыс істеп отыр. Атмосферасы мүлде бөлек. Директоры Оразханмен таныстым. Өзі суретші болмағанымен салаға инвестиция жасап, суретшілерге мүмкіндік беріп отыр. «Бізде жұмыс істеуге қалай қарайсың?» деп ұсыныс жасады. Өзімді сынап көрейін дедім. Бір орынға жайғасып «Еркетай» мультфильмінің нобайын салып көрдім. Бірақ ол жер, жалпы Алматы жаныма жайлы емес екенін түсіндім. Оралға оралуды құп көрдім, - дейді кейіпкер.
- Оралда графика суретін салу, анимация саласы дамымаған. Тіпті мүлде жоқ. Енді ғана меңгеріп келе жатқан жігіт Алматыға кетіп қалатын болса, «өңірде осы саланы қалай дамытамыз?» деген сұрақ болды, - деді Бибол.
«1-сыныпқа арналған танымдық үстелдердің қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ екендігін байқадым»
Бибол Оралда өткен мәдени шаралардағы көрмелерге суреттерін қойып үлгерген.
- Былтыр мамырда қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет ғұрыптарын дәріптейтін «Құндылықтар биігі» көрмесіне қатыстым. Кейін кезекті тағы бір көрмеде «Tumar» студиясының негізін қалаушы, қолөнер шебері Светлана Дүйсенбаева және тағы да басқа қолөнер, ағаш шеберлерімен танысқан едім. Дәл сол көрмеде менің жұмысымды ешкім аса қатты түсіне қоймады. Суреттерімді іліп қойып, өзім жанында планшетте сурет салып отырдым. Балалар, студенттер қарайды да өтіп кетеді. Адамдарда қызығушылық болса да бұл саланы түсіне бермейді. Қыркүйек айында Света апа хабарласып қаладағы «Көрме» залында көрме-жәрмеңке өтетіндігін, менен де бір дүние керектігін айтты. Оған не ұсынам деп жүргенде 1-сыныпқа арналған танымдық үстелдердің қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ екендігін байқадым.
- Үстел мен отырғыштың дизайнын дайындап, бетіне ұлттық нақышта сурет жапсырамын деп жоспарладым. Жиһаз жасап жүрген бөлем Болатқа хабарласып, үстел істеттім. Көрмеге қойдық. Өзім көрмеге бастан аяқ қатыса алмадым. Кейін ұйымдастырушылардан сұрағанда өнімге қызығушылық болмады деген. Алайда екінші күні телефоныма «Ұлттық нақыштағы үстелді кеше көрмеден көрдік» деп екі адам хабарласты. Тағы бір үстел жасап, тапсырысты жеткіздім. Кейін тағы бірнеше тапсырыс түсті. Оқу орталықтарына да дайындап бердік. Бұл да бір шағын кәсіп болды, - деді графикалық суретші Бибол.
«Бибол, неге балаларға үйретпейсің?»
«Tumar» студиясының негізін қалаушы, қолөнер шебері Светлана Дүйсенбаева Биболға графикалық сурет салуды балаларға үйрету жайлы ұсыныс тастайды.
- Бұрын бұл туралы мүлде ойланып көрмеппін. «Балаларды қайдан жинаймын? Қайда үйретемін?» сынды сұрақтар туындады. Ішімде қорқыныш. Света апа «Жас талап» өнер оралығының директоры Ернар Жақсыбаевтың нөмірін беріп, «Бос уақыт болса осы жерде сабақ беруді бастап кет» деді. Хабарласып мәселені де шешіп алдық. Қолымда бір планшет, бір ноутбук қана бар, - деді ол.
Кейіпкеріміз тәуекелге бел буып, несиеге тағы бірнеше планшет алып, алғашқы төрт шәкіртін үйретуді бастап кетті. Олардың көбі 11-14 жас аралығындағы балалар.
- Уақыт өте балалар өздері іздеп келе бастады. Бала саны көбейді. Оқушылардың қарқыны керемет. Енді әр оқушыға жеке-жеке қарау керек еді. Өйткені әр қайсысының қызығушылығы әр түрлі. Біреуі суретке, біреуі анимацияға қызығады. Жаңа кең орынға көштік.
Былтыр мамыр айында «Менің бала қиялым» атты облыстық байқау өтті. Оған «Доп» анимациялық фильмін ұсындық. Анимация өте күрделі сала. Ол жерде идея, сюжет пен мағына бар. Бір минут он бес секунд фильмге оқушым Нұрсәт 305 кадр салды. Бұл біраз еңбек. Асығы алшысынан түсіп Нұрсәт Сүлеймен бірінші орынға ие болды. Байқаудан кейін сұраныс та, ата-аналардың қызығушылығы да артты, - дейді.
Қазір Бибол қаладағы тағы бір оқу орталығында компьютерлік-бейнелеу бойынша сабақ беріп жүр.
Анимация. «Өнер бәріне ортақ»
- Анимацияны stop-motion-нан бастадым. Кәсіби шебер емеспін. Бағытын жақсы білемін. Қиыншылығы көп уақыт алады. Идея келеді, блокнотқа нобайын түсіремін. Сюжетті ұмытпас үшін кадр бойынша реттеймін. Кейіпкер қандай болуы керек? Мінез-құлқы қандай? Түр-әлпеті соған сәйкес болуы қажет. Түрі арқылы мінезін ашып көрсету маңызды. Яғни адамның мінезін персонажға айналдыру міндеті тұрады. Қазір ешқандай мультфильм дайындап жақтан жоқпын, тек тапсырыс орындап жүрмін. Анимация жасау үлкен команданы қажет етеді. Қазір оқушылар дайындап жатырмын.
Жалпы аниме, анимация – жапондық мультипликация. Бұл стиль қазір біраз елде бар. Өнер бәріне ортақ. Әр ұлт, мемлекет өздеріне икемдеп салып жүр. Аниме стилі дейміз, бірақ еуропалықтар сол стильде салғанымен өзінің тұрмыс-тіршілігіне, әдеп-ғұрпына байланыстырып салуы мүмкін. Сюжеті жапондікінен басқа болады. Мысалы аниме кейіпкерінің киіміне қазақтың оюын салсақ, мүлде басқа образға айналады. Маған бұл стиль қатты ұнайды. Қазір анимацияны тек мультфильм емес, жарнамада да пайдаланады. Істеудің қиын түгі де жоқ. Тек уақыт пен шыдам керек, - дейді Бибол.
Жақында Бибол жастардың жобаларын жүзеге асыруға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы грантының иегері атанды. Бұл грантқа жоба ұсынған 10 жас жеңімпаз атанып, 500 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
- Сол қаражатқа екі ноутбук пен планшет сатып алдым. Демек тағы екі балаға мүмкіндік ашылды деген сөз. Кейбір балалар қызығушылық танытқанымен, бәрінде бірдей техникалық құралы болмауы мүмкін, - дейді.
«Бағдарлама жасағым келеді»
Биболдың алға қойған мақсаттың бірі - команда жинап, студия ашу. Жалпы компьютерлік бейнелеуге анимация, монтаж, дизайн кіреді. Оның айтуынша, Оралда кітап шығаратындардың дені тапсырысты басқа қаладағы суретшілерге береді. Мұнда мамандардың барын біле бермейді екен.
- Онлайн қызмет дамыған заманда фрилансерді тез табуға арналған бағдарлама жасағым келеді. Өңіріміз туралы мультфильм жасау да ойда бар. Бірақ әзірге команда да, қомақты қаражат та жоқ. Ал инвестор табылса, үлкен мүмкіндік берер еді. Кез келген дүние анимацияда әдемі көрінеді. Қазір фильмдерде де анимацияны пайдаланып отыр.
Тағы бір мәселенің бірі - цифрлық суреттің авторлық құқығы заң арқылы белгіленіп, қорғалмаған. Сондықтан біреудің суретін пайдаланғанда ар алдында таза болуымыз керек, - деді кейіпкер.
Кейіпкеріміз соңғы екі жылда тәртіпке көп көңіл бөлген. Айтуынша, өзінің ұстанымдары бар. «Ең бастысы – қандай жағдай болмасын, айналамдағы адамдардың көңіл-күйін құртпай, жақсы күйде жүруге тырысамын. Тағы бір серігім – спорт. Жиі жүгіремін. Өзіңді өзің қамшыламасаң жұмыс жасау қиын» дейді сирек өнер иесі Бибол.
Динара Насыр,
Фотолар Биболдың мұрағатынан
zhaikpress.kz