Жол сақшыларының ала таяғына үйреніп қалған оралдық көлік жүргізушілердің көпшілігі жол реттеушісінің қимылдарын түсінбей, біраз қиындықтарға тап болуда. Өйткені жол реттеушісінің ым-ишарасын түсінбеген кез келген жүргізуші жол жүру ережелерін бұзушы деп танылатын болады.
Бұл туралы БҚО ІІД ЖПҚ жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Манарбек Нәжиев БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте айтты.
- Біздің қаламызда жол қозғалысын реттеушілер көшелерге өте сирек шығатын болғандықтан, бағдаршамның басқаруына үйреніп қалған кейбір жүргізушілер олардың іс-қимылдарын түсінбей жатады. Олардың бағыт көрсету қимылдары дәл бұрынғыдай көлік жүргізушілеріне де, жаяу жүргіншілерге де тең қолданылады. Реттеушінің қол қимылдары, сондай-ақ қосымша қолданатын ым-ишаралары жол үстіндегі қозғалысқа тоқтау салады немесе қозғалуға рұқсат береді. Егер осыған дейін реттеушінің белгісі ала таяқтары (жезл) арқылы көрсетілсе, жыл басында енгізілген жаңа заң нормаларына сәйкес, енді жол қозғалысын реттеуші қызметкерлер ала таяқтың көмегіне жүгінбейді. Олар тек қолдың көмегімен ғана басқарады. Таяуда облысымызға келген премьер-министр Б.Сағынтаевтың сапары кезінде оралдық көлік жүргізушілердің көпшілігі ала таяқтың көмегіне үйренгені соншалық, жол реттеушісінің қимылдарын түсінбей, көше бойларында біраз қиындықтар тудырғаны рас. Сол күні оларға ешқандай айыппұл салмай, ескертумен шектелдік. Дегенмен жол реттеушісінің ым-ишарасын түсінбеген кез-келген жүргізуші жол көлік ережелерін бұзушы деп танылатындығын ұмытпаған жөн. Олар ҚР ӘК-нің 599-бабы, 1-тармағы бойынша («Бағдаршамның немесе жол реттеушісінің тыйым салынған белгісінен бағынбай өтіп кету») жауапқа тартылып, 10 АЕК көлемінде, ал осы оқиғаны екі рет қайталайтын болса 20 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады, - деп атап өтті Манарбек Қатиұлы.
Брифинг соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ләззат ШАҒАТАЙ
zhaikpress.kz