7.07.2020, 15:22
Оқылды: 56

Оралдық компания оттегі концентраторларын тарту етті

Оралдық кәсіпкер «Armed» оттегі концентраторының үш данасын облыстық көпбейінді ауруханаға табыс етті. Аурухана директоры Арман Байдеуовтың айтуынша, бұл құрал-жабдықтар үш корпусқа орналастырылады.

IMG-20200707-WA0110

– Коронавирус індетінің таралуына байланысты елдегі ахуал күрделеніп отыр. Науқастар ауруханаға көп келуде. Олардың ем-домы үшін ең басты керегі – оттегі терапиясы. Қазіргі уақытта 150 орындық провизорлық стационар ашуға дайындық жүргізілуде. Үкімет 150 оттегі концентраторын алып бермек. Ал демеуші көмегімен жеткізілген оттегі концентраторлары №1, 3 және 8 корпусқа орнатылады. Осылай қоғам болып біріге қимылдасақ, індетке қарсы күресу оңай бола түседі, – деді Арман Байдеуов.

Облыстық ауруханадағы провизорлық стационарда 100-ге тарта науқас емделуде. Коронавирусқа шалдыққаны анықталғандары облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мен қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылуда. Провизорлық стационарға күніне 20-дан астам адам ем алуға келеді. Көбі үйде өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдап, дертін ушықтырып алады екен. Үйдегі ем-домнан нәтиже шықпаған соң, дәрігер көмегіне жүгінеді. Стационарға денсаулығы өте мүшкіл жағдайда орналасқандықтан, кейбір науқас көп ұзамай көз жұмады. Қазіргі уақытта 12 науқас жансақтау бөліміне жатқызылған.

Медициналық жабдықтарды сатып алуға құрылыс компаниясы – «Давид строй» ЖШС демеушілік жасаған. «Індеттің өршуіне байланысты науқастар саны көбеюде. Сондықтан бейжай қарап отыра алмадық. Орал қаласының әкімдігіне «Қандай көмек қажет?» деп хабарластық. Әкімдік өкілдері облыстық аурухана басшылығымен және жеткізушілермен кездестірді. Кеңесе келе, оттегі концентраторын алып беруді ұйғардық. Бұл жақсылық аяқсыз қалмай, басқа да кәсіпкерлер көмектессе екен», – деді демеуші, серіктестік директоры Қанат Жанғазиев.  

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале