Оралдағы №41 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» аттестатына үміткер Мерей Кунакбаева Назарбаев университетінің грантын ұтып алды.
Мерей өзінің бұл университетке қалай оқуға түскені жайлы қысқаша былай баяндайды: «Мен Назарбаев университетін нақты 11-сыныптың басында таңдап, сол университет жайлы толық ақпараттар іздестіріп, емтихандарына дайындала бастадым. Назарбаев университетіне оқуға түсу үшін екі емтиханнан өту керек, біріншісі ағылшын тілі пәнінен біліміңді тексеру мақсатында IЕLTS немесе Duolingo English Test тапсыру қажет. Мен Duolingo English Test сынағын өткен жылдың желтоқсан айында тапсырып, жоғары балл жинап, екінші тур NUFYPET-ке өттім. NUFYPET - бұл маңызды, шешуші емтихан, мұнда математика және сыни тұрғыдан тест тапсыру қажет. Бұл тестке екі ай шамасында дайындалып, қалаған деңгейдегі балл жинадым. Аталған тест ҰБТ-ден өзгеше болғанымен, оған дайындалу өзім үшін қызықты болды. Ең бастысы алдыңа қойған мақсат болу керек деп ойлаймын, әрі қарай барлығы оңай көрінеді».
Алдыңа мақсат қойсаң, алынбайтын асу болмайтынын оқушымыз тағы да дәлелдеді.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі