Оралдағы №42 «Ақ ниет» гимназиясының 10-сынып оқушылары Әдемі Ахмет пен Нұрсезім Дауылбай құйрық майдан таза экологиялық өнім алу және сату бойынша бизнес жоспар дайындаған. Әдемі мен Нұрсезімді қазіргі таңда адамдардың денсаулығының төмендігі, экологияның нашарлығы, тамақ өнімдеріндегі химиялық қоспалардың көптігі қатты алаңдатады екен.
– Қойдың құйрық майы – емдік үшін өте пайдалы. Суық тиіп, аяқ-қолың сырқырағанда пайдасы өте зор. Ыстық суға аяғыңды салып болғаннан кейін жағып жатсаң, жақсы көмектеседі. Қойдың құйрық майы қандай ауруға болса да ертеден келе жатқан ем ғой. Жөтел, бронхит, тамақ ауырғанда, жараларға пенициллин ұнтағын қосып жағуға болады. Қойдың негізгі азығы - кәдімгі жусан. Ол барлық жерде өседі. Құйрық май қатты күйінде ақ немесе ақ-сары түсті, еріткенде түссіз болады. Құйрық майда және қойдың іш майында көп мөлшерде қанықпаған май қышқылдары бар. Малшылар ерітілген құйрық майды тек тамаққа емес күйікті, шаш түсуін тоқтатуға және іріңді немесе жараларды емдеуге қолданады. Қойдың майының өзіне тән иісі бар. Оның құрамына А, В1, Е витаминдері, бетакаротин, стеорин, фосфолипиттер кіреді. Құйрық майды белгілі бір мөлшерде ас қорытуды, қан аздықты емдеуге пайдаланады. Құйрық майдан әр түрлі дәмдеуіш қосылған тағамдар жасауға және химиялық дәмдеуіштері жоқ табиғи өнім алуға болады, – дейді Нұрсезім Дауылбай.
Оқушылардың айтуынша, Қазақстанда құйрық майды өңдеу нарықта әлі қалыптаспаған. Сондықтан олар құйрық майын өңдеп, тұтынушыға ұсынып жүр. Олар бизнес-жоспар жасағанда тұтынушы нарығын зерттеп, құйрық майды үй жағдайында өңдеудің тиімді әдіс-тәсілдерімен танысқан. Құйрық майдың адам ағзасы үшін құндылығы жоғары, таптырмайтын пайдалы тағам екендігіне көз жеткізген өрендер енді оны тамақ өнеркәсібіне енгізу жолдарын іздестіруде. Олар инстаграмм әлеуметтік желісінде қойдың құйрық майынан экоөнімдер алуға арналған шағын бизнесті іске қосты.
– Құйрық майдың бір келісі - 2500 теңге тұрады. Жалпы оның салмағы орта есеппен 2,3-2,5 келі көлемінде болады. Біз үш қойдың құйрық майын – 7,5 келіні 18750 теңгеге сатып алдық. Оны тазалап, қайнатып мынандай өнімдер алдық:
– Әртүрлі дәмдеуіштер қосып пісірілген құйрық;
– Ерітілген құйрық май;
– Тері күтіміне арналған жақпамай (мазь);
– Құйрық майдың шыжығы (шкварки).
Жалпы бастапқы қой құйрығын өңдеп, тағамдық құндылығы жоғары экологиялық сапалы өнім алуға болатынына көз жеткіздік. Бір айда 7,5 келі құйрықты өңдеп 7 келі өнім алып, оны мектеп асханасына ұсына аламыз. Сондай-ақ сатып алушыларға 100 грамын 960 теңгеден сатамыз. Мұны сату кезінде 1 айда 67 200 теңге шамасында пайда таба аламыз, – дейді Әдемі Ахмет.
Нұрсезім мен Әдемі жетекшілері Зәмзагүл Қаберова, Бауыржан Хасановпен бірге ата-бабамыз дәріптеп кеткен құйрық майынан үй жағдайында да бірнеше өнім алуға болатынына көз жеткізген.
– Жақпамай дайындау үшін алдымен ерітілген құйрық майды жібітіп аламыз, оған 1 шай қасық (12 гр) кастор майын және 1 шай қасық бадам майын (12 гр) саламыз. Үш дана Е дәруменінің капсуласын инемен тесіп, майын тамызып, ақ түсті қоймалжың болғанға дейін араластырамыз. Иістендіргіш лаванда, эвкалипт майын 15 тамшы тамызып, тағы араластырамыз. Дайын болған хош иісті жақпамайын арнайы ыдыстарға саламыз. Ерітілген құйрық майы – теріні жұмсартып қалпына келтірсе, кастор майы –терінің жасаруына, жаңадан қалыптасуына көмектеседі, қоректендіреді, жұмсартады. Бадам майы – құрғақ теріні ылғалдандырады, терінің беткі қабатын қалпына келтіреді. Иістендіргіш лаванда, эвкалипт майы жағымды иіс беріп, әрлендіреді. Токоферол (Е дәрумні) терінің қалпына келуіне көмектеседі. Жақпамайдың түсі ақ, көлемі – 25 мл, 50 мл. Құрамында канцерогенді заттары жоқ, табиғи өнімдерден жасалған бұл жақпамай бет терісін жұмсартады және қалпына келтіреді, ылғалдандырып терінің жасаруына көмектеседі, теріге жақсы сіңіріледі. Сақталу мерзімі – 6 ай, тоңазытқышқа салмай құрғақ жерде де сақтауға болады, – дейді Нұрсезім Дауылбай.
Халық арасында құйрық май ежелден емдік қасиетімен танымал. Жас өрендеріміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, құйрық майды нарыққа бейімдеп, заманауи бағытта ұсынғаны көңіл қуантады.
– Оқушыларымыз Нұрсезім мен Әдемі «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінен «Мен болашақ кәсіпкермін» облыстық бизнес жобасына қатысып, бірінші орын алды. Олардың құйрық майдан түрлі өнімдер жасауға деген қызығушылығы жоғары. Қыздарымыздың құйрық майдан жасаған жақпасы бүгінгі күнде өз арамызда сұранысқа ие. Мектеп мұғалімдері, олардың туыстары сатып алып, қолданып, өте жақсы пікір айтуда. Біз оларға табыс тілейміз, – дейді бізбен ой бөліскен жетекшісі Зәмзагүл Қаберова.
Табиғи заттардан тұратын тері, бет күтіміне арналған жақпамай
Құрамы:
Ерітілген құйрық майы – 90 гр
Кастор майы – (1шай қасық) – 12 гр
Бадам майы – (1 шай қасық) – 12 гр
Токоферол (Е дәрумені) – 3 капсул
Иістендіргіш лаванда, эвкалипт майы – 15 тамшы.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»