28-30 қараша аралығында Астана қаласында Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында шығармашыл 8-11 сынып оқушылары арасындағы IX республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті.
«Ақберен» – жыл сайын еліміздің ең өнерлі, дарынды оқушыларының басын қосатын бірегей жоба. Оның негізгі авторлары – белгілі театр сыншысы, өнертанушы Әшірбек Сығай, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақыны Аманжол Әлтай.
Алты номинация бойынша өткен байқауға (1.«Шешендік, білгірлік сайысы»; 2.«Көркем сөз оқу»; 3.«Эссе жазу»; 4. «Ұлттық аспапта өнер көрсету»; 5.«Ақындар айтысы»; 6. «Ақындар мүшәйрасы») Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-дан, республикалық білім беру ұйымдарынан 130 қатысушы бәсекеге түсіп, бақтарын сынады.
Байқау нәтижесінде Орал қаласынан барған үш оқушымыз да марапатқа ие болды.
А.Тайманов атындағы №34 мектеп Инабат Рахат «Ақындар мүшәйрасы» номинациясы бойынша ІІ орын, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» номинациясы бойынша Б.Момышұлы атындағы №46 ЖОББМ оқушысы Ержан Дукеев ІІІ орын иеленді. «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша қатысқан №49 ЖОББМ оқушысы Бекзат Баян ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовтің ерекше Грамотасымен марапатталды.
Жүзден жүйрік шыққан шығармашыл шәкірттерімізді шын жүректен құттықтаймыз!
Орал қалалық білім бөлімінің
баспасөз қызметі