21.11.2017, 14:16
Оқылды: 41

Оралдық оқушының жобасы қан орталығында сынақтан өтуде

Астана қаласында инновациялық жобалардың ұлттық олимпиадасы мәресіне жетті. Байқауда Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қуаныш Аманғалидың «Потенциалды қан тапсырушыларды іздеудің инновациялық жүйесі» деп аталатын жобасы үздік 10 жобаның қатарына енді.

Олимпиаданы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірге, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы осы жылдың шілдесінен бастап қазан айына дейін еліміздің барлық аймағындағы мектептерден «Жасыл энергетика», «ІТ», «Модельдеу және робототехника», «Тұрмысқа пайдалы өнертабыстар» тақырыптары бойынша оқушылардың жобаларын қабылдады. Аталған олимпиаданың негізгі мақсаты - оқушылардың жобаларын әрі қарай дамыту және өндіріске енгізу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиадаға 200-ден аса жоба ұсынылған. Оның 20-сы іріктеуден өтіп, қазылар алқасының алдында қорғалды. Соның ішінде 10 үздік жобаға арнайы менторлар бекітіліп, оқушылардың жобасын әрі қарай дамытуға жол ашылды.

Аталмыш олимпиадаға өзінің инновациялық жобасымен Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қуаныш Аманғали да қатысты. Оның «Потенциалды қан тапсырушыларды іздеудің инновациялық жүйесі» деп аталатын жобасы үздік 10 жобаның қатарына енді. Жоба жетекшісі - информатика мұғалімі Айсұлу Сүлейменова. Нәтижесінде Қуаныштың менторы болып MOS Business Incubator кәсіпорнының бас директоры Павел Коктышев бекітілді. Енді олар жобаны әрі қарай дамыту және оны халық тұтынатын тауарға айналдыру мақсатында жұмыс жасайтын болады.

Қуаныш Аманғалидың жобасы екі компоненттен тұрады: ZhureqForm және ZhureqLink. Алғашқысында арнайы постерлар жасалып, онлайн формасында сауалнама толтыру және деректер базасын жасақтау қарастырылған. Ал екінші бөлікте қан тапсырушыларды іздеуге арналған дербес әлеуметтік желі жұмыс жасайды. Аталмыш деректер базасы қажет кезінде донорды тез табуға үлкен септігін тигізбек. Қазір бұл жоба Батыс Қазақстан облыстық қан орталығында тәжірибелік сараптаудан өтуде.

 Ақмоншақ Жұмаева

 Орал қаласындағы НЗМ баспасөз хатшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале