Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы World Robot Olympiad аясында өткен робототехника бойынша республикалық чемпионаттың қорытындысы шықты. «Менің роботым – менің досым» атауымен өткен ұлттық олимпиадада жас робототехниктер төрт санат бойынша бақ сынасты: Future Engineers, RoboMission, Future Innovators және RoboSports. Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Дархан Тыныштық, Арсен Есенғалиев (HighTech командасы) RoboMission аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Айта кету керек, мектептегі табысты салалардың бірі саналатын робототехника үйірмесі 2013 жылы жұмысын бастады. Оралдық робототехниктер Қазақстан құрамасымен бірге Ресей, Катар, Индия, Коста-Рика, Тайланд, Венгрия елдеріндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр. 2019 жылы Павлодарда өткен ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте жүлдені ең көп алған команда ретінде WRO ауыспалы кубогының иегері атанған болатын.
– Балалар үйірмеде робот құрастырып қана қоймай, құлтемірге жүктелетін міндеттің орындалуына арналған бағдарламалар да жазып үйренеді. Сонымен қатар үйірмеге қатысатын балалар математика, информатика, инженерлік негіздері және басқа сала ғылымдарының заңдарын өзара үйлестіріп, ойлау қабілетін дамытады, – дейді робототехника үйірмесінің жетекшісі Армат Мақсотов. Ал мектеп оқушылары өздерін робототехниканың нағыз фанаты деп санайды.
Тамыз айындағы іріктеуден өткен оқушылар ұлттық құрама сапында Дүниежүзілік робот олимпиадасында ел намысын қорғайды.
Айдана Хамидуллина,
Оралдағы Назарбаев зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы