Қарағандыда КСРО еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Дәстүрлі жарысқа қазақ елінен бөлек Куба, Ресей, Марокко, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан елінің былғары қолғап шеберлері қатысты. Қарағанды шаршы алаңында ел намысын оралдық Сабыржан Аққалықов қорғады.
71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сабыржан финалға дейін Ақтау, Астана және Алматы облысының боксшыларын қапы қалдырды. Ал финалдық жекпе-жегін алматылық Әлипаша Насыровқа қарсы өткізген Сабыржан Аққалықов қарсыласын жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Айта кетейік әр кезеңде аталған турнирде Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов және Серік Сәпиев сияқты атағынан ат үркетін боксшылар жеңімпаз болды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz