Татарстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен IV халықаралық «Лучший по профессии — мастер по обработке цифровой информации» кәсіби шеберлік байқауында Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің студенті Бекет Ихсан топ жарып, І орынды жеңіп алды.

Байқау цифрлық ақпаратты өңдеу, жүйелеу және талдау дағдыларын бағалау арқылы IT саласындағы студенттердің кәсіби деңгейін анықтауға және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.
Бекет Ихсан байқау барысында күрделі тапсырмаларды сәтті орындап, жоғары кәсіби дайындық пен техникалық сауаттылығын көрсетті. Қазылар алқасы оның жұмысын жоғары бағалап, бірінші орынды берді. Жас маманның бұл жетістігі – жетекшісі А.А. Қасиетова мен колледж ұжымының бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесі.
Бұл жеңіс – тек жеке жетістік қана емес, техникалық және кәсіптік білім берудің әлеуетін көрсететін нақты дәлел. Сондай-ақ жастардың цифрлық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға және болашақ кадрлардың халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетуге сеп болады.
БҚО білім басқармасы баспасөз қызметі