Бүгін облыстық мониторингтік тобының кезекті отырысы өтті. Топ мүшелері ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының өңірімізде іске асырылуына талдау және бағалау жүргізеді. Шара кезінде «Жемқорлықсыз өмірге құқығым бар» атты бейнероликтер байқауының жүлдегерлері марапатталды.
Байқауды облыстық ішкі істер басқармасының қолдауымен «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Қараша айына бері комиссия қарауына сегіз туынды жолданған. Оның біреуі талапқа сәйкес болмапты. Қалғандарынан төртеуі жүлдеге лайық деп бағаланды. БҚИТУ-дың студенті Самал Сельбаева үздік әлеуметтік ролигі үшін 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ж.Досмұхаммедов атындағы педагогикалық колледждің студенті Айымгүл Жанболатова, БҚИТУ-дың студенті Диана Қажығалиева, А.Иманов атындағы жол-көлік колледжінің студенті Асылан Жайлығалиев алғыс хатпен марапатталып, әмбебап камера сыйлыққа берілді.
Мониторинг тобына ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы Біржан Хайруллин облыста өткізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысымен бөлісті. Шара барысында сыбайлас жемқорлық көріністеріне қатысты қоғамдық пікірлер зерттелген. Сауалнаманы облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде «Қоғам – Общество – Society» ғылыми-зерттеу институты жүргізіпті. Оған облыс бойынша мың респондент қатысқан. Олардың төрттен бірі аймақ бойынша жемқорлық кеңінен таралғанын көрсетсе, үштен бірі аз тараған деп есептейді. Зерттеуге қатысқандардың біразы жемқорлық фактілеріне жазаның жеткіліксіз екенін, екінші топ бюджеттік салада жалақының төмендігі себеп болатынын белгілеген. Ал полицейлер мен дәрігерлер және жергілікті атқарушы орган шенеуніктері көбірек пара алуға бейім деп тұжырым жасалған. Керісінше, ішкі істер және прокуратура органдарына жолыққанда немесе зейнетақыны алу және рәсімдеу кезінде ең көп пара ұсынылған. Бұдан бөлек, жыл ішінде өткен шаралар кезінде де әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп отырған. Мониторингтік топ мүшелері сауалнамаға қатысушылардың дені мемлекеттік қызмет пен бюджеттік салада еңбек ететіндер екенін айтып, алдағы уақытта басқа да мамандық иелерін кеңінен қамтуға ұсыныс жасады.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz