27.04.2017, 12:18
Оқылды: 61

Оралдық «Зенит» зауытында жасалған 26-шы кеме суға түсірілді (СУРЕТ)

Бүгін Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялы кемесі салтанатпен суға түсірілді.

 Салтанатты шараға ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Қорғаныс министрлігі басшылығы, қарулы күштердің ардагерлері, «Маңғыстау» кемесінің экипажы, «Зенит» зауыты ұжымы мен қала тұрғындары қатысты.

- Елімізде кеме жасайтын бірден бір зауыт осы – «Зенит». Тәуелсіздігіміздің 25 жылында 25 кемені суға жіберді. Міне осымен жиырма алтыншы кемені Каспий теңізіндегі шекарамызды күзетуге жібермекпіз. Бүгін «Зенит» зауыты ұжымының еңбегін көзімізбен көрдік. Облыс халқы атынан алғыс айтамын. Еліміз тыныш, тәуелсіздік тұғыры берік болсын, –деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

- Президент Жарлығымен құрылған жаңа министрліктің бұл алғашқы үлкен салтанатты мереке. Сіздер жасаған әр кеме елдің дамуына қосқан үлестеріңіз. Біздің ел өз кемелерін өзі жасап отырған ел екенін мақтанышпен айта аламыз. Бұл зауыт мына Шаған өзеніне сыймайтын алып кемелерді де жасай алады. Зауыттың мүмкіндігін Каспий жағасына жететіндей кеңету керек. Иә, зениттіктер алдағы уақытта Каспий теңізі жағасында алып кемелерді жасау мен дамыту үшін қызмет көрсетуі мүмкін,-деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Бүгін Шаған өзеніне түсірілген «Маңғыстау» кемесі «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін «Зенит» зауытының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа сәйкес ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшін шығарған 26-шы кемесі. «Зениттің» бұл кемесінің бұрынғылардан айырмашылығы - Қорғаныс министрлігі тапсырмасымен қару-жарағы мен қозғалыс жылдамдығы жетілдіріле түскен. Сондай-ақ экипаждың жатын орнын да жайлырақ жасау ескерілген.

Нұрлыбек Рахманов

Суретке түсірген автор

IMG_1528 IMG_1458 IMG_1465

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале