5.03.2020, 10:34
Оқылды: 46

Оралдық зияткерлер өмір жолы өнегеге айналған аяулы аналармен жүздесті

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында оралдық зияткерлер өз шаңырағында құрметті қонақтарды қарсы алды. «Ақжайықтың ардақты аналары» атауымен ұйымдастырылған жобаның кейіпкерлері – әр салада нәтижелі еңбек етіп, өмір жолы өнегеге айналған аяулы аналар.

ana zhoba

Ақжайық өңірінің сыйлы тұлғалары, айтыскер-ақын, ұстаз, көпбалалы ана, ғалым, кәсіпкер, пошташы, тігінші, спортшы, кітапханашы, кәсіпкер, құрылысшы, дәрігер, өнер саласының мамандары – барлығы 24 ана шаңырақ сағаттарына қатысып, жастармен пікір алмасты. Бұған дейін оқушылар кейіпкерлермен жүздесіп, жақынырақ танысып қайтқан болатын.

ana zhoba (3)

Жоба мақсаты – еңбек адамын ұлықтау, ұрпақтар сабақтастығы аясында қонақтардың тұлғасын зияткер оқушыларға үлгі ету, олардың бойында үлкенге құрмет, адамгершілік, қоғамға қызмет ету секілді құндылықтарды қалыптастыру.

Ұстаз, айтыскер ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызы қазақ әдебиеті мен мәдениеті хақында ой қозғаса, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог Лидия Макарова кәсіпке адал болудың маңызын айтып берді. Ал 13 баланың анасы, тігінші Қамида Ғатауова еңбек ету, жанұя берекесін сақтау сырларымен бөлісті.

ana zhoba (1)

45 жылдық тарихы бар «Отделстрой» ЖШС директоры,  құрылысшы, қалалық мәслихатының депутаты Валентина Михно оқуды бітіргеннен кейін бірден құрылыс алаңына суретші ретінде келгенін есіне алды. Қайсар жан өзі кәсіби маман болып қана қоймай, бірнеше буын құрылысшыларды тәрбиелеп шығарды.

Балаларға Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Маметова мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенованың да өмір жолы қызық болды. Ол Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлованың жүріп өткен жерлеріне «Естелік вахтасы» автожорығының бастамашысы және ұйымдастырушысы.  «Жеңіс әйелдері» кітабының авторы.

ana zhoba (2)

– Бүгінгі аналар – қайсарлықтың, адалдықтың, мейірімділіктің жарқын үлгілері. Біз оқушыларымыз осы жандардан үлгі алса екен дейміз, – дейді директордың орынбасары Эльвира Айдыналиева.

Тәрбие сағаттарынан соң зияткерлер «Ақжайықтың ардақты аналары» атауымен концерттік бағдарлама ұсынады. Жоба кейіпкерлері танымдық шара үшін алғыстарын білдіріп, оқушыларға ақ баталарын берді.

Айдана Хамидуллина

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале