26.09.2017, 18:33
Оқылды: 92

Оралдықтар 8-708-433-15-50 нөміріне WhatsApp арқылы қоғамдық көліктегі келеңсіздіктерді жаза алады

Бұл жайлы Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев айтты. Қоғамдық көлікке қатысты келеңсіз жайттар әсіресе, жолдар уақытша жабылған уақытта ушыға түседі.


Қайрат Қуанышқалиұлының айтуынша, бөлім мамандары тамыз-қыркүйек айларында қоғамдық көліктердің қызметіне тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде 80-ге жуық олқылық анықталған. Басым бөлігі, жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, ұялы телефонмен сөйлесуі, автобустардың қозғалыс кестесін бұзуы, салондағы тазалықты сақтамауы және т.б. Тасымалдаушы кәсіпорындармен арадағы меморандумға сәйкес, 360 автобусқа GPS орнатылған. Соның арқасында infobus бағдарламасы арқылы қоғамдық көлік қызметіне күнделікті онлайн-мониторинг жасалады. Айтпақшы, аталмыш бағдарлама арқылы кез келген адам ұялы телефон арқылы автобустың қайдан және қашан келетінін көре алады.

-Жолаушылар тасымалындағы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру тек бірлі-екілі мекеменің қолынан келмейді. Оған жолаушылар да атсалысуы керек. Қоғамдық көліктегі келеңсіздікке куә болсаңыз, 50-56-07 телефонына немесе WhatsApp арқылы 8-708-433-15-50 нөміріне хабарласуға болады. Фото, бейнематериалдарды қоса жолдаңыздар. Мәселенің анық-қанығы анықталып, шара алынады, - дейді ол.

Тасымалдаушы компанияларға Қазақстанның даму банкі арқылы жеңілдетілген несие алуға жағдай жасалып, қалаішілік бағыттағы Газель көліктері толығымен үлкен автобустарға ауыстырылады. Бұл жұмыс келер жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Қайрат Қуанышқалиевтің мәлімдеуінше, облыс орталығында 608 шақырымға жуық ішкі жолдың жартысынан астамы жөндеуді қажет етеді. Биыл 8,1 млрд теңге қаражат бөлініп, 67 көшеде  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 43 көшенің жөндеу жұмыстары толық ақталған, бес көше таяу күндері жөндеуден соң қайта ашылады. Тағы он үш көшенің жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтау көзделсе, алты көше келер жылы тапсырылады деп күтілуде.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале