21.09.2017, 17:12
Оқылды: 44

Оралдықтар «Жайықжылуқуатқа» 380 млн. теңге қарыз

IMG_5250Бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстағы әлеуметтік, тұрмыстық нысандардың қысқы жылыту маусымына даярлығы тыңдалды.


Баспасөз мәслихатына БҚО ТЖД басқарма басшысы Е.Төрегелдиев, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Н.Сатыбалдиева, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры М.Бәйменов, «БҚ электр желілерін бөлу компаниясы» АҚ директорының бірінші орынбасары М.Жұмағалиев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы директорының бірінші орынбасары А.Қайбалиев, Орал қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы М.Жәрдемов қатысты.

Н.Сатыбалдиеваның айтуынша, күні бүгін Батыс Қазақстан облысындағы коммуналдық кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар, сонымен қатар тұрғын үйлердің 2017-2018 жылдарғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Облыс әкімдігінде алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы штаб отырысы 2 мәрте өткізілген.

Аудандардағы әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына қажетті отын мөлшері 4,2 мың тонна көмір және 1,04 мың тонна сұйық отынды құрады. Бүгінгі күні әлеуметтік нысандарға 4,03 мың тонна көмір (97%) және 0,72 мың тонна сұйық отын (жоспардың 6%) жеткізілді. Қалғаны аудан әкімдіктері және мердігерлер арасында жасалған келісімшарттарда көрсетілген мерзімдерге сәйкес жеткізілетін болады.

Облыстағы 640 білім беру нысаны жылыту маусымына толық әзір. 397 денсаулық сақтау нысанының 394-і (99%), 383 әлеуметтік нысандардың 379-і дайын (99%).

Батыс Қазақстан облысындағы 1322 тұрғын үйлердің 1286-сында гидравликалық сынаулар жүргізілді (97%). Пәтер иелері кооперативтері тарапынан тұрғын үйлердің әзірлік паспорттарын алу мақсатында өтінімдер ұсынылуда. Әзірлік паспорттарын алу мерзімі  - 2017 жылдың 1 қазанына дейін.

БҚО ТЖД басқарма басшысы Е.Төрегелдиев тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығына баса назар аударды (2016-2017 жылдары жылыту кезеңінде облыс аумағында 231 өрт орын алды, соның ішінде тұрғын үй секторында - 71).

  • Қолға алынған шараларға қарамастан облысымыздың әрбір тұрғыны

өзінің жеке басының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау үлкен қауіп-қатерге, қайғылы жағдайларға алып келетіндігін білуі тиіс. Азаматтарды тағы да өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң, бұлжытпай сақтауға шақырамыз. Қатты отынмен немесе газбен жылыту құралдарының жай-күйін мұқият тексеріңіздер. Мұржалары уақытылы тазартуды, электр желілерінің жағдайын тиісті мамандарға тексертуді естен шығармаңыздар, - деді ТЖД өкілі.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры М.Бәйменовтың айтуынша, жылыту маусымына даярлық барысында  369,14 млн. теңге қаржыны игеру жоспарланған (Орал қалалық жылу электр орталығы бойынша – 208,083 млн. теңге; жылу желілері бойынша – 161,060 млн. теңге). Есепті кезеңде жылу электр орталығындағы барлық жоспарланған жұмыстар толық атқарылған. 8,823 шақырым жылу желілері алмастырылған. Жылу магистралдары қысым арқылы сынақтан өткізілген. Сонымен қатар негізгі, қосалқы құралдарды тексеру және жөндеу, қазандықтар мен сүзгілерді тазарту жұмыстары жүргізілген.

- Біз үшін ең бір ауыр мәселелердің бірі – тұрғындардың көрсетілген қызметке жасаған төлемдерінің әлі күнге аздығы болып отыр. Күні бүгін оралдықтар «Жайықжылуқуат» АҚ-ына шамамен 380 млн. теңгеге жуық бережақ. Оны жою үшін біз де барынша пәрменді шараларды қолданудамыз. Атап айтқанда борышкерлерді сотқа береміз, соттың шешімдерімен олардың жылжымайтын және жылжитын мүліктеріне арест салынады (54 автокөлік, 491 пәтерге арест қойылды). Арест қойылғаннан кейін азаматтар мүліктерін сата алмайды, кепілге де қоя алмайды. Одан бөлек, азаматтардың ҚР тыс шет елдерге шығуы шектеледі (227 адамға шетелге шығуға шектеу қойылды). Жалақыларының, зейнетақыларының жартысы ұсталатын болады. Әрине, бұл шаралар халыққа да оңай емес, бірақ, өзінің оң нәтижелерін беруде, - деді М.Бәйменов.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале