Қыркүйектің 16-17-сі күндері Оралда өтетін «JaiyqFilmFest» халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер фестивалінің басты мақсаты – Оралды әлемге кеңінен таныту.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында өткен брифингте Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев пен «JaiyqFilmFest» фестивалінің директоры, медиаменеджер, продюсер Алпамыс Шәрімов айтты.
– Біз биылғы жылдық жоспарымызға мультипликациялық фильмдер мен «JaiyqFilmFest» фестивалі жобаларын енгізген едік. Мультипликациялық фильмдерді жазда, яғни Балаларды қорғау күнінде өткіздік. Енді Қала күні аясында халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер фестивалін ұйымдастырмақпыз. Біздің қаламыздың тарихы бай, әсем ғимараттарға толы. Қаламызды әлемге танытуға киноөнер саласы да өзіндік үлесін қосарына сенеміз, - деген Серік Ерболатұлы аталмыш фестивальді жоғары деңгейде өткізу үшін белгілі медиаменеджер, продюсер Алпамыс Шәрімовті арнайы шақырғандарын да жеткізді.
Алпамыс Өскенбайұлы өнерлі, шығармашылыққа ден қойған жастарды қашан да қолдап отыратын Орал қаласы әкімдігіне, тиісті сала басшыларына алғыс білдірді. Өнерлі жастармен жиі кездесетін ол мұндай іс-шаралар жастарға ауадай қажет екенін де атап өтті.
– Мен өзім көптеген әлемдік кино фестивальдерге барып жүрмін. Олардың арасында Канн, Берлин, Пусан фестивальдері бар. Мысалы, Францияның Канн деген шағын ғана қаласында жыл сайын өтетін фестивальді әлемдік киноқауымдастық асыға күтеді. 30 мыңдай тұрғыны бар сол шаһар аталмыш фестиваль арқылы әлемге кеңінен танылды. Орал қаласында да сондай мүмкіндік мол. Мәселен,
Оралдың орталық көшесі болып саналатын Назарбаев даңғылы ешқандай декорациясыз-ақ әлем режиссерлерінің назарын аудара алады. Оралдағыдай бұрынғының сәулеті әдемі күйінде сақталған қалалар аз. Ертең біздің фестивальге келетін отандық және шетелдік киногерлер қаланың әдемі жерлерін көріп, таң қалып, өздерінің болашақ туындыларына пайдаланады деп ойлаймын, - деді Алпамыс Шәрімов.
zhaikpress.kz