Бұл біріншіден, Орал қаласының географиялық орналасуына байланысты. Қала Каспий маңы ойпатының солтүстігінде орналасқан. Сондай-ақ, шаһар Еуразия құрлығының еуропалық бөлігінде орналасқан. Жері тегіс және оңтүстік-шығыс желдері басым болғандықтан, атмосферада ластаушы заттар жиналмайды.
Екіншіден, облыста климаттық жағдай қалыпты. Жыл маусымы үнемі уақытымен, біртіндеп ауысады. Бұл табиғи жағдайға қатты әсер етеді.
Үшіншіден, Жайық, Шаған және Деркөл өзендері Оралды қоршай ағып өтеді. Өзендер орманды алқапқа жағымды әсер етіп, шаһар жасыл желекке оранған. Сондықтан «Қазгидромет» ақпараттық бюллетенінде атмосфералық ауаны бақылайтын автоматтандырылған станция мәліметі бойынша ауаның ластану индексі көрсеткіші өте төмен екені көрсетілген.
Оралдың ауасының сапасына оң әсер ететін маңызды фактор – қаланың толық табиғи газбен қамтылуы. Қала атмосферасына қатты отынның қалдығы тарап жатқан жоқ.
Ірі зауыт, фабрика, өндіріс нысандарынан шығатын лас қалдықтар қалыптан аспайды, ауа құрамын ластауы байқалмайды.
Оралдың атмосфералық ауасына негізгі әсер етуші тап басқа қалалардағыдай – автокөлік түтіні. Сондай-ақ адами факторды да жоққа шығара алмаймыз.
Қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған шаралар тек Орал қаласында емес, түгел облыста атқарылуда. Ақ Жайық өңірі халқының экологиялық мәдениеті жоғары. Қала тұрғындары табиғатқа қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарап, мекеме-ұжымдарымен бірге сенбіліктер ұйымдастырып, көгалдандыруға үлкен үлес қосуда. Осы әрекеттер арқылы дені сау ұлт қалыптасып келеді. Елбасы айтқандай, ұлттың дені сау болса, еліміз бәсекеге қабілетті болады. Батысқазақстандық жастар салауатты өмір салты мен табиғатқа қамқорлықты біріктіретін «плоггинг» атты әлемдік трендті қолданысқа енгізуде.
Нұржан Шияп,
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директоры
сурет авторы Рафхат Халелов