19.02.2025, 11:30
Оқылды: 213

«ORATOR’S CUP III» турнирінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жеңімпаз атанды

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде оқушылардың сыни ойлауын дамыту мен көптілділікті қолдау маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен 15 ақпанда Эстетикалық бағыттағы гимназия базасында 9-11 сынып оқушылары арасында ағылшын тілінде пікірсайыс турнирі өтті.  

WhatsApp Image 2025-02-19 at 11.54.02

Іс-шара оқушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіруіне, дәлелді пікір білдіруіне және көшбасшылық қабілеттерін дамытуына ықпал етті. Турнирге 11 фракция, 33 спикер, оның ішінде 4 аудан, 5 облыстық мектеп, Орал қаласы және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты.

Аталған пікірсайыс турнирі оқушыларды өз ойларын нақты әрі сенімді түрде жеткізуге үйретуге бағытталды. Сонымен қатар, шара оқушылардың тілдік құзыреттілігін арттырып, халықаралық деңгейде ойлау қабілеттерін дамытуды көздеді. Турнир барысында қатысушылар заманауи әлеуметтік, білім саласы, т.б. мәселелер бойынша пікір таластырып, өз көзқарастарын дәлелдеуге тырысты.

Әр топтың спикерлері аргументтерін ағылшын тілінде ұсынды, қарсыластары олардың пікіріне сын айтып, сұрақтар қойды. Қазылар алқасы ретінде «Ақиқат» ЖҚБ мүшелері, пікірсайысшылар төрелік етті. Бағалау критерийлері ретінде спикерлердің ойды жеткізу анықтылығы, логикалық дәлелдемелерінің күші, тілдік сауаттылығы және қарсы тараптың пікіріне жауап беру шеберлігі ескерілді.

WhatsApp Image 2025-02-19 at 11.53.22

Турнир қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің «HIGHEST IN THE ROOM» фракциясы жеңімпаз атанды. Олардың белсенділігі, сенімді сөйлеуі және ұтымды аргументтері жоғары бағаланды. Зияткерлер Убишева Анель, Кибас Ақбота, Булекбаев Алиханды және жетекшісі Иргалиев Сабыр Сайынұлын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз.

Ағылшын тілінде өткен пікірсайыс турнирі оқушыларға ерекше тәжірибе сыйлап, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың көптілділік дағдыларын жетілдіруге, сыни ойлауын қалыптастыруға және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да мұндай турнирлерді өткізу дәстүрге айналатынына сенімдіміз.

 

Орал қаласы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале