2014 жылы қазан айының 24-25-і күндері «Орда» кеңшарының негізі қаланғанына жарты ғасыр толуына орай Хан ордасы ауылында үлкен жиын, дүбірлі той өтті. Сол кездегі аудан басшысы Лавр Хайретдинов ауылдағы мәдениет үйінің алдына орнатылған күйші жерлесіміз Сейтек Оразалыұлының бюсін ашып, бұл мүсінді Тасқала ауданының әкімі болған жерлесіміз Өтеміс Мырзағалиев тапсырыс беріп жасатқанмен, ол кісінің бақилық болуына байланысты бұл іс аяқсыз қалып, бюст шеберханада тұрып қалғандығын әңгімеледі. Әрі ол мүсінді өз қаржысына сатып алып, туған жеріне жеткізгенін естіп-білдік. Сол жиын үстінде менің ойыма Сейтекке байланысты әкем айтқан мына бір хикая оралды. Енді оны көпшілікке қал-қадерімше жеткізіп көрейін.
1965 жыл. Оқушымын. Бір күні үйімізге Темірәлиев Жанғазы ағай келді. Әкем Абдолла мал дәрігері болатын. Аман-саулық сұрасқаннан кейін, ол кісі сиырының ауырып тұрғанын айтты. Әйтіп-бүйткенше шай да әзір болды. Сабаққа дайындала отырып, олардың сығандар жайындағы әңгімесін құлағым шалды. Кейін әкемнен ол туралы айтып беруді сұрадым. Сабыржан атамның үй маңында астық сататын лавкасы болған. Оны көре қалдым. 1967 жылға дейін тұрды. Қалың тақтайдан жасалған, темір белдеулі есігі болатын. Сол лавканың орнына салған үйде қазір інім Шафхат отыр.
Сабыржан атамыз қос ат жеккен арбамен Тұзқаладан (Ахтуба) астық әкеледі екен. Бір сапарында Шоңай көлінен аса бергенде аттары болдырады. Осы араға түнемекке ниеттенген сәтінде жолдың оң жағынан жылтыраған отты көреді. Кімде болса мен сияқты жолаушы ғой, солармен бірге демалайын деп ілгері жүреді. Жақындағанда, улаған-шулаған дауыстарды естиді. Сөздері түсініксіз. Тамам жетіп келгенде сығандар таборы екенін аңғарады.
Ол уақытта Орданың базары көпке белгілі, жер-жерден сатушылар, сатып алушылар жиі келетін. Сығандар қолдан соққан мәстемір, күлалғыш, шідер, ауыздық, қақпан сияқты темірден жасалған заттарды сататын. Орда базарына келе жатқан мына табор үш аяқты мосыға үлкен қазанды қойып, ет пісіріп жатыр екен. Атамыз тоқтамай, асып жүре береді. Шақырым жарымдай асып барып тоқтап, арбасынан түскелі жатқанда, сол жағынан дүрсілдеп аттылы кісі жетеді. Жөн сұрасқаннан кейін аттылы неге арбадан түскенін сұрайды.
– Аттар болдырып қалды. Осы жерге түнеп, ертеңмен жүрмекпін, - дейді атам.
– Соңыңда қалған анау от не? Жолаушының бұл сұрағына да атам толық жауап береді.
– Мен де алыстан келемін, бірге түнейік. Тек сен бір-екі шақырым алға жүріп, мені күт. Көп кешікпей келемін, - деп шауып ала жөнеледі ол. Арбасына қайта отырған Сабыржан атамыз межелі жерге барып тоқтап, аттарын туарады. Жазғы түн, тып-тыныш, тас қараңғы. Сол уақытта әріден шулаған дауыстар, бір сөніп, бір жанған алау байқалады. Көп ұзамай, арттан шауып келе жатқан аттың дүбірі естіледі. Манағы жолаушы тоқтаған бойда «Ұста мынаны» деп, үш аяқ нән қазандағы ыссы етті ұсынады. Қазанды әреңдеп көтеріп, жерге қойған атамыз арбасынан төсеніш пен тамақтарын алып, әзірлей бастайды. Атын арбаға байлап, шідерлеген жолаушы да қасына жайғасады.
– Танысайық, менің атым – Сейтек. Біреулер мені «күйші Сейтек»,-дейді. Рас, күй тартамын, өзім де күй шығарамын. Ал енді біреулер мені «ұры Сейтек» дейтін көрінеді. Ол да рас. Бірақ мен кедей жалшылардан ұрламаймын, керісінше, оларға ұрлағанымды үлестіремін. Мен тек байлардан, «Әй, бәлем!» дегендерімнен ұрлаймын. Лабайдағы ақсақ Нәсидің жылқыларын сығандар айдап кетіпті деп естіп едім, мүмкін, осылар шығар. Жылқыларын қуып кеткім келген, бірақ аттылы күзетшілер қойыпты. Ол ойым іске аспайтын болғасын, ерегесіп шауып келе жатып, аттың үстінен қазандарын етімен қағып кеттім, - деп Сейтек селк-селк күліпті.
Етке тойып алып, аттарын жайылысқа жіберіп, екі жолаушы арбаның жанына біреуі ер-тұрманын, екіншісі қоржынын жастанып жата кетеді. Біразға дейін әңгіме соғады. Сейтектің атамыздан жас жарым үлкендігі бар екен. Түн ортасынан асқасын ол ұйықтап кетеді, ал атамыз «сығандар келіп қала ма» деген оймен таңды көз ілмей атырыпты. Тек торғай шырылдай бастағанда Сейтек оянып, атын әкеліп ерттеген соң:
– Сабыржан, сығандардың мына қазаны өте қымбат әрі керек зат. Сен оны арбаңа салып ал да, тездете жүріп, әрірек барғасын, жолдан қашығырақ ылдиға тастап кет. Келесі жолы аларсың. Қазір алып кетсең, сығандар байқап қалуы мүмкін. Мені Қызылжарда жігіттер күтіп тұрған болуы керек. Көргеніңді ешкімге айтпассың, - деп Жамантауға қарай шаба жөнеледі. Сабыржан атамыз оның айтқанын бұлжытпай орындап, арада бірқыдыру уақыт өткеннен кейін әлгі қазанды әупірімдеп Ордаға жеткізген көрінеді. Бұл Сабыржан атамыздың Сейтекпен алғашқы кездесуі болса, бірнеше жыл өткеннен кейін даңқты күйшімен тағы ұшырасыпты. Патша армиясы қатарында болып, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атамыз ол кезде Орда түрмесінде надзиратель екен. Жалақысы да жақсы болса керек. Надзирательдер түрмеде отырғандарды камера есігіндегі кішкентай есіктен (кормушка) аты-жөнін атап түгелдеп, кезекшілікті бір тәулікке қабылдайтын болған. Сондай бір сәтте олардың арасынан Сейтекті көреді. Екеуі бірін-бірі тани кетеді. Сол күні түнде камерадағылар есікті қағады. Ашса, алдында Сейтек тұр.
– Сабыржан, менің мұнда жатқаныма үш күн болды. Сені осында күзетке келеді деп естіп, басқа надзирательдерге жолықпай, өзіңді күттім. Шұғыл бір жерге барып-келетін шаруам болып тұр. Қазір шығарсаң, ешкімге көрінбей, таңда қайтып келіп орныма жатамын, - дейді.
Осылайша Сейтекті шығарып, ерте келуін және ешкімге көзге түспеуін пысықтайды. Таң атып, түрме басшылары да келеді. Сейтек жоқ. Кезекші надзиратель қабылдауға кіріседі. Шындықты айтпасқа амал жоқ. «Істегенімді мойныммен көтеремін ғой», - деп екеуі түрме бастығына кіреді. Ол: «Біз Сейтекті қанша уақыт қолға түсіре алмай жүргенімізді біле тұрып, неге босатып жібердің?! Енді Сейтектің орнына Сібірге сен кетесің!», - деп ақырып, белдеуіндегі кабурадан револьверін суырып алып, басына тақап тұрады да, камераның есігін аштырып, атамды ішке итеріп жіберген. Камера бескісілік екен. Ішінде бірнеше рет түрмеге түскен, кісі өлтірген елулер шамасындағы дәу қара жігіт бар. «Сейтек осыдан қолға түссе, бізден тірі қалмайды. Ол уәдесіне тұрмады. Соның кесірінен түнде шыға алмайтын болдық, өйткені енді бақылау күшейеді», -деп ызаланыпты әлгі қара.
Араларында: «Жігіттерге хабар жіберу керек, Сейтекті тауып жазаласын», дегендер де табылыпты. Түске жақын қолы кісенделген Сейтекті надзирательдер алып келіп, кісенін шешіп, ішке кіргізеді. Сол-ақ екен «баскесерлер» ашумен Сейтекке тұра ұмтылады. Сабыржан ата оны көлегейлеп: «Тоқтаңдар! Алдымен не болғанын тыңдап алайық», - депті. Обалдары нешік, әлгілер кері шегінеді. Сейтек болса тұрған жеріне отыра кетеді. Сосын: «Бұлай болады деп ойламап едім», - деп ол болған оқиғаны баяндайды. Түрмеден шығысымен, Орданың іргесіндегі «Көпжидеде» тұратын танысынан бәйгеге шауып жүрген «Думанкөк» деген атын сұрап алады да, 25 шақырым жердегі жолдасына барып сөйлеседі. Дамылсыз шауып келе жатқан жануар қайтар жолда Мешітқұм ауылы маңында зорығып құлайды. Сол құлағаннан сеспей қатады. Жаяулатып «Жасқұс» құмы арқылы «Таңбалы жолмен» Ордаға келгенде таң да атып, жарық түседі. Қайда да кешіктім ғой деген күйші бір танысынан аттың иесіне жағдайды жеткізуді әрі тірі жүрсе, тұлпарының орнына бір табын жылқы әкеліп беретінін айтуды өтінеді. Содан тікелей түрмеге барады. Бұл жайға қаныққандар бір бұрышқа жиналып, күбірлесе бастайды. Отырғандардың өз ұйғарымдары болады екен. Аз уақыттан кейін олар өз үкімін жария етеді.
– Кінәлісің! Берген уәдеңе тұрмадың, саған сенген адамды жазаға ұшыраттың. Біз сияқты отырғандарды сыртпен қарым-қатынастан айырдың. Жаза – әрқайсымыз жауырыныңнан бес-бестен дүре соғамыз, - дейді.
Сейтек үн қатпай орнынан тұрып, үстіндегі киімін шеше бастайды. Бұл – үкімге келіскенінің белгісі екенін бәрі түсінеді. Сол кезде камераның есігі ашылып, надзирательдер Сабыржан атамызды түрме бастығына алып кетеді. Ол кабинетінде екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы жүр екен. Ашулы екені айтпай-ақ көрініп тұрған. Атамызға жақындап келіп, тістене тұрып:
– Сенің бақытың, Сейтек өзі келді. Сонда да жасаған қылығың үшін жазалануың керек, - деп, теріс айналып үстелінің қасына барып:
- Сенің бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ел қорғап, жаралы болып қайтқаныңды ескеріп, жазалаудан босатамын. Бүгіннен бастап жұмыстан да боссың, - деп түрмеден шығарып жіберіпті.
Енді бірер сөз жоғарыда тілге тиек еткен қазан туралы. Шаңырағымызда «сыған қазаны» аталып кеткен сол ыдысты үйдегілер біразға дейін пайдаланыпты. Атаның үлкен қыз-күйеуі Рабиға (менің әкемнің туған апасы) мен Қасым Гарин жұмыс бабымен 1932 жылы Жаңақалаға қоныс аударғанда сол қазанды қалап алады. Олар 1934 жылы Орал қаласына көшіп барғанда да оны тастамапты. Ал 1958 жылы көп қабатты үйден пәтер алған соң әлгі қазанды жер үйде тұратын әкемнің туған қарындасы Роза апай мен Хамит жездейге тарту еткен. 1966 жылы мектеп бітірген мені Орал қаласына оқуға әкемнің өзі апарып, сол Қасым жездей мен Рабиға апайдың үйіне жатқызды. Сабыржан атамыздың Сейтекпен кездескендерін Қасым жездей (дербес зейнеткер еді, 1983 жылы дүние салды) де біледі екен. Оралда оқып жүргенімде, Хамит жездей мен Роза апайдың үйлеріне моншаға барып, сонда алғаш рет сол «сыған қазанын» өз көзіммен көрдім. Қазанның үлкендігі едәуір. Қақпағы жабулы отта тұрған қазанды үш аяқты темір мосысымен қоса атпен шауып келе жатып көтеріп алу және оны бірнеше шақырым жерге жеткізу екінің бірінің қолынан келмейтіні түсінікті ғой. Содан-ақ Сейтек бабамыздың осал болмағанын аңғаруға болады емеспе?!
Өмір-өзенде тоқтау болған ба?! Тірлік жалғасады, ұрпақ алмасады. Ленинград блокадасын ашуға қатысқан соғыс ардагері Хамит жездеміз 1989 жылы, Роза апай 2003 жылы қайтыс болды. Оларды жерлеу рәсімдеріне өзім қатыстым. «Сыған қазаны» көзіме түспеді. Мүмкін, Роза апамыз жалғыз қалғасын сұраған біреуге беріп жіберді ме?! Сейтек атамыздың қолы тиген аталмыш ыдыс табылып, Хан ордасындағы музейден орын тепсе. Бұл енді кейінгі ұрпақтың еншісіндегі іс. Індете іздестірілсе, көне жәдігер табылыпта қалар...
Рақымжан Шәкіржанов ,
зейнеткер,
Сайқын ауылы,
Бөкей ордасы ауданы