28.03.2025, 11:00
Оқылды: 223

Өркенің өсе берсін, Өркен мектебі!

Бәйтерек  ауданына  қарасты  Өркен  орта  мектебіне  жол  түсті.  Бұл  білім  ошағында  облыстық  «Орал  өңірі»  газетіне  хат  жазатын  оқушылар  көп.  Газетіміздің  балаларға  арналған  «Айналайын»  бетіне  өздерінің  жазған  өлең-әңгімелерін,  салған  суретін  жолдайтын  оқушылардың  саны  жыл  сайын  артып  келеді.  Бұрын  осы  мектепте  қызмет  істейтін  бастауыш  сынып  мұғалімі  Шынар  Жақсылыққызының  оқушылары  хат  жолдаса,  қазір  өзге  де  мұғалімдер  оқушыларымен  бірге  бізге  жиі-жиі  хат  жазатын  болды.

фото мади салык8

Ұлыс оң болсын! 

Былтыр ғана жаңа мектепке кірген Өркен білім ошағының ұжымы биылғы наурыз мерекесін спортзалда  киіз үй тігіп, ерекше атап өтуге бел байлапты. Ауыл-ауылға бөлінген киіз үйлерге Өркен ауылының тұрғындары түгелдей жиналды. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барса, жол болсын!» деп бір-біріне ақ тілегін арнаған ауылдың үлкен-кішісі мерекелік дастарқанда бас қосты. Мектеп ұжымы ауыл тұрғындарына арнап дайындаған мерекелік концерт ұсынып, қазақтың салт-дәстүрін ауыл тұрғындарымен бірге дәріптеді. Бәйшешек ауылы – қалау, Самал ауылы – бәсіре, Ынтымақ ауылы – байғазы, Береке ауылы қаде дәстүрін көрсетіп,  ұмытылыңқырап бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады. Әдемі ұлттық киім киген ата-әжелер де мерекелік іс-шараға белсене қатысып, салт-дәстүрімізді жас ұрпаққа  кеңінен насихаттауға атсалысты. Ән-бимен әрленген мерекелік шарада ұлттық тағамдармен қоса, дастарқан басына қазанда пісірілген буы бұрқыраған палау қойылып, қариялар  бата берді.  Бүтіндей ауыл тұрғындары болып бас қосқан ұлық мереке ұлттық ойындарға ұласты.

фото мади салык7

«Оқушыларды үй-үйге бөліп оқытқан кездер де өтті»

Өркен ауылы (бұрынғы атауы Степной) Кеңес одағының тұсында шағын  қосалқы шаруашылық,  яғни подхоз болған. Кейіннен қалаға жақын ауылға біртіндеп адамдар көшіп келе бастайды. 1987 жылы ауылдық жерде балаларды тәрбиелеу мен оқыту мақсатында екі қабатты ғимарат салынып, балабақша ретінде пайдалануға берілген. Кейіннен бастауыш мектеп болып, балаларға білім бере бастайды. 1990 жылдары  5-11 сынып оқушылары  Көшім ауылына аутобоспен барып-келіп, оқиды. Кеңес үкіметі ыдырап, елде қиыншылықтар болған кезде ауылдағы жағдай да мәз емес еді. Талай мәрте қыс кезінде мектептің жылыту жүйесі дұрыс жұмыс жасамай, салқын болып  мұғалімдер оқушыларды өз үйлерінде оқытады. 1994 жылы мектепке сұйық отынның бөлінуі тоқтатылуына байланысты мектеп бұрынғы подхоз «Степной» шаруашылығы кеңсесінің орнына көшіріледі. Ол ғимаратта жаз айларында оқыса, қыс айларында қазіргі ауылдық кітапхананың және ескі ауылдық дүкен орнында пеш жағылып, оқушылар қай жер ыңғайлы сол жерде білім алады. 1994-1996 жылдары мектеп суық болған кездері оқушыларды әр мұғалім өз үйінде  оқытқан кездер де болды. Осы жылдары мектепті Степной негізгі мектебі ретінде аман алып қалу да білім ошағы ұжымы үшін оңай  болмаған.

 

– Ол кезде мектеп директоры Жұмазия Елемесова болды. Қиын-қыстау кезден мектепті алып шыққан сол кісі. 1997 жылы  бұрынғы мектеп-балабақша  жеке шаруашылықтан  мемлекеттік бюджет есебінен кері сатып алынды. Ол кезде газ, су жоқ. Бес-алты ошағы бар мектепте оқыды балалар.  2007 жылы мектеп күрделі жөндеуден өткізілді.  Жылу жүйесі қалпына келтіріліп, жарық та таза, оқушылардың білім-тәрбие алуына жан-жақты қолайлы жағдай жасалды. Білім ошағының он бір жылдық білім беретін орта мектеп болып қалыптасуына да Жұмазия апай ұйытқы болды. Қазір жыл өткен сайын жағдай жақсарып келеді, – деп өткен шақты еске түсірді мектеп директоры Айгүл Қалиева.

фото мади салык6

Ауылда демография өсіп келеді

Бір кездері жолы жоқ, тұрақты мектеп ғимараты жоқ Өркен ауылы жыл өткен сайын тұрғындардың көз алдында көркейіп келеді. 2023 жылдың желтоқсан айында  жаңадан еңселі  мектеп  салынып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Қалаға қатынайтын жол да жөнделді. Бүгіндері ауыл мен қаланың арасындағы жол тақтайдай тегіс.  Жол жөнделіп, жаңа мектепке көшкелі бері мамандар да тұрақтала бастаған.

– Бұрын мектепке қаладан  жас мамандар келетін. Бірақ  пәтер жалдаудан, жолдың на­шарлығынан шаршап, кері  кетіп қалатын еді. Қазір тұрақталды. Біздің мектептің  негізгі  бағыты – ұлттық құн­дылықтарды дәріптеу. Өткен  жылы этнолагерь ұйымдастырдық. Сонымен қатар экологиялық бағытта жақсы жобаларымыз бар. Ауылды таза ұстап, көгалдандыруға көп көңіл бөлеміз. Әр жерге бос баклажкаларға арналған арнайы жәшіктер орналастырып қойдық. Өткен  жылдары  мұғалімдер оқушылармен бірге балықтарға ауа жіберіп, қамқорлық жасадық. Сондайақ ауылда өсетін өсімдіктерді  мектеп ауласына өсіріп, зерттеуді бастадық. Бұл жұмыстар жаңа мектепте де жалғасын табады, бұйырса. Жыл  сайын ауылда «Гүлденген аула» атты байқау өткіземіз. Балалардан гүлдің тұқымын беріп жібереміз. Олар ата-аналарымен бірге ауласын гүлдендіріп, байқауға қызыға қатысады. Бір әттегенайы, жыл  сайын жақсы оқитын оқушыларымыз қаладағы лицей-гимназияларға кетеді. Бұл жағдай мектебіміздің көрсеткішіне әсер еткенмен, ол балалар да үлкен ортада дамығаны дұрыс деп қарсы болмаймыз. Бір қуанатынымыз, ауылдың демографиясы өсіп келеді. Шағын орталықта бұрын он бес бүлдіршін тәрбиеленетін. Қазір жиырма балаға толды. Әлі кезекте тұрған бөбектеріміз бар.

Алла бұйырса, алдағы жылдары ауылда шілдехана көп тойланады деген сенімдеміз, – деп өз ойымен бөлісті мектеп директоры Айгүл Жақыпқызы.

фото мади салык5

Баланың қуанғанын көру де бір бақыт

Өркен орта мектебі мен облыстық «Орал өңірі» газетінің арасындағы шығармашылық, әріптестік бағыттағы байланыстың нығаюына ықпал еткен бастауыш сынып мұғалімі Шынар Тұржанова. Өзі де әдебиетке бір­табан жақын педагог оқушыларының сауатты сөйлем құрай білуіне, мазмұнды сурет  салып, көкейге оралған ойларын өлеңмен түйіндеп жазуларына ерекше мән береді. Шәкірттерінен жылт еткен ұшқын байқаса, оны әрі қарай дамытып, олардың жазған өлең-әңгімелерін облыстық, республикалық басылымдарға жолдап, табанынан  таусылып  жүргені.

– Бұрын облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясы  «Баспахана» аялдамасы жақта  болды ғой. Ең алғаш рет сонда оқушыларымның жұмысын жинақтап алып бардым.

Редакциядағылар қолмен жазылған жазбаны қабылдамады. Мен де ерінбей компьютерге теріп, қайта апардым.  Ең алғаш өзімнің қазақ қызына деген өлеңім шықты. Соны көргесін оқушыларымның жазған жұмыстарын үзбей апарып жүрдім. Бірден жарыққа шыға қойған жоқ. Ең бірінші Жұмағыз Өтегенова деген оқушымның «Мысығым» деген өлеңі «Орал өңіріне» басылып  шыққанда қатты қуанғанымыз есімде, – дейді Шынар Жақсылыққызы.

Ол оқушыларының жазған-сызғанын тек облыстық басылымға емес, балаларға арналған республикалық «Айгөлек» журналына да жолдап тұрады.  Сондағы мақсаты – оқушылардың ерік-жігерін жану. Олардың әдебиетке, кітапқа жақын болып өсуіне  ықпал  ету.

– Оқушының жұмысы жарқ  етіп шыққанда бала да, ата-ана да қуанады. Оның ар жағында қаншама тер төгілгені тек өзіме ғана белгілі болғанымен, баланың қуанғанын көрудің өзі бақыт. Біз «Орал өңірі» газетінің әр санын асыға күтеміз. Газет келген бойда, әр нөмірді ақтарып, «Айналайын» бетін іздейміз. Балаларымның  жұмысы шықса, қуанып фотоға түсіріп, салып жіберемін. Оқушыларым ата-анасымен бірге қуанады. Қаладан келген бір оқушым болды. Өзі тентектеу бала еді. Қала мектептерінде көп оқушының бірі  болып, қаралмай қалған ғой. Сол оқушымның «Отан» деген өлеңі газетке шықты.  Сондағы баланың қуанған эмоциясын көрсеңіз... Әлгі бала «Мен ақынмын, өскесін ақын боламын» деп айқайлап, қызық болған. Ертеңіне шабыты оянып, он екі беттік дәптерге толтырып, өлеңдер шығарып, әкеліп тұр.

Мен «Жарайсың, жаза бер» деп қанаттандырып қоямын.

Осындай сәттердің өзі ұмытылмайды. Олар ақын-жазушы болып кетпесе де, сауатты сөйлем құрауға үйреніп, қазақтың  қара сөзінің түп тамырын ұғынып  өседі.  Сондықтан  жергілікті басылыммен жиі байланыстамыз, – дейді  педагог.

Өркен орта мектебінде оқушылардың тәрбиесіне баса мән беріледі. Соңғы кездері ұлдарды ер мұғалімдер, қыздарды әйел мұғалімдер бөліп алып  тәрбиелейтін жаңа жоба бастаған. Әзірге нәтижесі жаман  емес дейді өздері. Бұл мектеп мұғалімдерінің тағы бір ерекшелігі, 25 мұғалімнің бәрі де облыстық «Орал өңірі» газетіне жыл сайын  жазылады.  Оқушыларға ұлттық құндылықтарды ұлықтап, кітап-газетпен дос болуға баулып  жүрген Өркен мектебінің өркені  өсе  бергей!

Асыл

Асыл Сәлімжанқызы, «Өркен» орта мектебінің 8-сынып  оқушысы:

– Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде өлеңдерім «Орал өңірі» газетінің бетіне шыққан еді. Алғашқы ұстазым Меңдігүл Қасымованың қолдауымен ана, әке, ұстаз, қыс туралы өлеңдер  жаздым. 2020  жылы «Орал өңірі» газеті ұйымдастыратын «Айналайын» байқауынан марапат алдым. Сол жылы елде пандемия болып жатты ғой. Мен Аяз атаға «ковид  тезірек бітсе екен» деген мағынада хат жазған едім. Сол шығармам «Мейірім» аталымы бойынша жүлдеге ие болды.  Сол сәттен бастап, менің құлшынысым оянып, аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүрмін. Қолым бос кезде Қадыр Мырза Әлидің, Мұқағали Мақатаевтың Бауыржан Халиолланың өлеңдерін оқимын.

Инкар

Іңкәр Ғазиз, «Өркен»  орта  мектебінің 6-сынып  оқушысы:

– Мен бос уақытымда сурет салғанды жақсы көремін. «Орал өңірі» газетінің «Айналайын» бетіне анама арнап салған «сыйлық» деген суретім жарық көргенде қатты қуандым. Болашақта суретші болғым келеді. Қазір осы бағытта ізденіп, өзімді дамытып жүрмін. Газеттен өзіңнің жұмысыңды көру адамға шабыт береді екен. Мен де қатты қуанып, көп суреттер салып тастадым. Бос уақытымда сурет салумен қатар, кітап оқығанды жақсы көремін. Қазір көктемгі  демалыста Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқып  жүрмін.

Гүлжамал  Жолдығали,

Фотоға түсірген Мәди Салық

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале