9.07.2025, 16:00
Оқылды: 119

Оркестр олжалы болды

Ұлттық домбыра күніне орай Орал шаһарында кең көлемде мерекелік іс-шаралар  ұйымдастырылды.  

DSC01864

 Қазақ халқының төл мұрасы, ұлттық құндылығымыздың жарқын белгісі – домбыра аспабын дәріптеу, жас ұрпақтың күй өнеріне деген қызығушылығын  арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды мақсат еткен іс-шаралар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және облыстық халық шығармашылығы орталығының бастамасымен өтті. Мерекелік іс-шаралар легі Құрманғазы мен Дина рухына тағзым етумен басталды.

DSC01898 — копия

Шара аясында қала орталығындағы Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұстаз Асылғаным Құсмағамбетова қатысты.

Мерекелік шарада жас күйшілер Әділет Жолдығали мен Наурызбек Күзенбаев Құрманғазының «Терісқақпай», Динаның «Бұлбұл» күйлерін орындап, көрерменді тәнті етті. «Үкілі домбыра» республикалық байқауының жеңімпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Едіге Нәбиев домбыраның қоңыр үнімен көрермен жүрегіне жол тартты.

Мерекелік  шара әрі қарай «Атамекен» өнер ордасында жалғасты. Елорда және Ұлттық домбыра күніне орай  ұйымдастырылған Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерттік маусымының жабылу кешіне көрермен көп жиналды. Мерекелік іс-шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыра күні қарсаңындағы құттықтау сөзінде: «Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. Әсіресе өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс», – деп қасиетті домбыра аспабының ұлт болып қалыптасуымызға зор ықпал ететінін ерекше атап өткен болатын.

DSC01927

Біздің облысымыз – киелі күйдің, қасиетті домбыраның алтын бесігі. Бұл өңір – күллі қазақ даласына аты мәлім ұлы күйшілер Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісованың туған өлкесі. Құрманғазы – күй арқылы ұлттың мұңын да, қуанышын да жеткізген ұлы дала данышпаны. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» сияқты күйлері – еркіндікті, елдік рухты ту еткен мәңгілік мұралар. Ал Дина анамыз – қазақ әйелінің өнердегі орны мен биік рухын айшықтаған ерекше тұлға. Оның орындаушылық шеберлігі мен шығармашылығы ұлттық күй өнерін жаңа белеске көтерді.  Бүгінде Ақжайық өңірінде  Құрманғазы мен Дина салған сара жолды жалғастырып жүрген талантты жастарымыз көп. Осы мерекелі күндер қарсаңында өңіріміздің өнері мен мәдениетінің алтын қазынасына айналған кәсіби өнер ұжымы – Ғарифолла Құрманғалиев  атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы өзінің 58-концерттік маусымын сәтті аяқтап отыр. Ел мәдениетінің жарқын үлгілерін республикалық және халықаралық сахналарда паш еткен ұжым – Ақжайық жұртшылығының рухани өміріне серпін беріп, көрерменге тың туындылар мен мазмұнды концерттер ұсынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі Ұлттық домбыра күніне орай арнайы тапсырыспен жасалған сапалы домбыралар тарту етті.

DSC01902

Олжалы болған оркестрдің домбырашылар тобы сахнада «Сарыарқа» күйін күмбірлетті.   Концертте Дәулеткерей  атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі «Серпер»,  Ш. Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі «Менует», «Кармен» шығармаларын жеке-жеке орындаса, «Махамбет поэмасын» қосылып орындады. Оркестрден бөлек  «Атамекен» фольклорлық ансамблі,  «Атамекен» вокалды камералық ансамблі,  «Атамекен» ерлер биі ансамблі секілді шығармашылық ұжымдар және  классикалық, дәстүрлі, эстрадалық бағыттағы әншілер өнер көрсетіп, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық  филармония ұжымының бір жыл бойы атқарған еңбегі қорытындыланды. Айта кетейік, филармония әртістері жыл бойы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан сынды қалаларда, сонымен қатар Түркия, Түркіменстан елдерінің халықаралық сахналарында өнер көрсетіп, ел мерейін асырды. Тың бастамалар мен жетістіктерге толы 58-концерттік маусымын сәтті аяқтаған өнер ұжымы ұлттық өнерді кеңінен насихаттау ісінде зор үлес қосып келеді. Қасиетті домбыраның қоңыр үні мен жүректі тербеген ән-күйге толы рухани кеш көрермендерге әдемі әсер сыйлады. Кеш соңында өнерпаздарға облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале