«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы білім берудің барлық деңгейі бойынша (мектепке дейінгі ұйым, бастауыш, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беру) педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында жұмыс істейді. 2024 жылы 183 курс ұйымдастырылып, 4 586 тыңдаушы қатысады деп жоспарланған.
Бүгінгі таңда 64 курс аяқталып, 1 608 педагог біліктілігін арттырған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ БҚО бойынша «кәсіби даму институты» директоры Софья Ізмұханбетова айтып берді.
«Өрлеудің» басты мақсаты – педагогтерді үздіксіз оқуға ынталандыру, оларды өз құзыреттерін тұрақты дамытуға жетелеу. Оқу бағдарламаларын педагогтердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар әзірлейді. Оқыту әдістемесі, оның ішінде құралдар, бағалау критерийлері және зерттеу жұмыстары – бағдарламаның негізгі ерекшелігі. Білім беру бағдарламалары білім берудегі соңғы трендтерді, білім беру жүйесінің өзекті басымдықтарын және педагогтердің қажеттіліктерін ескере отырып, үш жылда бір рет жаңартылады.
– Өңірлердің қажеттіліктерін талдау негізінде біліктілікті арттыру курстарына келген педагогтер ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеу бойынша құзыреттіліктерді меңгеруі үшін бағдарламаларға инклюзивті білім беру мәселелерін енгізу ұсынылды. Сонымен қатар жаңартылған бағдарлама оқушылардың сыни ойлауын дамыту, тапсырмалар мен кейстерді бірлесіп шешу үшін командада жұмыс істеуге бағытталған оқытуды енгізуге де әсер етті.
Сондай-ақ, «soft skills» және функционалдық сауаттылықты дамытуға қатысты тақырыптар енгізіліп, оқу нәтижелері мен мақсаттар да жаңартылды. Егер бұрын барлық біліктілікті арттыру бағдарламалары педагогтің құзыреттілігін дамытуға бағытталған болса, қазір олар білім алушының жетістіктеріне назар аударады. Олар «Баланың үлгерімін көру үшін мұғалімді қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауап береді.
«Өрлеу» БАҰО» EdCrunch Academy-мен бірлесіп, 11 пәндік бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын әзірледі. Осы білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезін-де пән мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға және белгілі бір пәнді оқытудағы күрделі тақырыптарды игеруге ерекше назар аударылды. Кейіннен білім беру бағдарламаларының мазмұны МОДО, ҰБТ, PISA/PIRLS нәтижелерінің статистикасына назар аудара отырып жаңартылды, - деп атап өтті Софья Салахиденқызы.
Курста қызметтегі педагогтер, яғни ересектер оқытылатындығын ескере отырып, білім беру бағдарламалары андрагогика прин-циптерін ескере отырып құрылған. Сондықтан біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған оқыту тәсілдері мен әдістерін қамтиды. Бұл семинарлар мен вебинарлар, көшпелі тәжірибелік сабақтар, кейстер мен жағдаяттық тапсырмаларды шешу, демо-сабақтың тұсаукесері, жоба қорғау, т. б. сияқты жұмыс түрлері ретінде өтеді.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, барлық білім беру бағдарламаларына «зерттеу дағдыларын қалыптастыру және дамыту, мұғалімнің кәсіби қызметінің нәтижелерін ұсыну» модулі енгізілген, осы модуль аясында Lesson Study, Action Research, Fasilitated Action Research, Learning Study зерттеу дағдылары бойынша білімді жетілдіру ұсынылады.
Мұғалім өзінің іс-әрекетін зерттейді, оны күтілетін нәтижеге жету үшін табысты мұғалімнің нені, қалай жасайтынымен салысты-рады. Өзінің әлсіз тұстарын анықтай отырып, әріптестерінің тәжірибесін талдайды, жақсы шешімдер іздейді және кәсіби шеберлігін арттырады. Жұмыс әртүрлі зерттеу түрлері арқылы педагогтердің зерттеу және жобалау құзыреттерін дамытуға бағытталған.
– «Өрлеу» үшін биылғы жылдың басты жаңалығы – «Ұстаз» педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасының іске қосылуы. Биыл тек Қарағанды облысында пилоттық режімде іске қосылды. Содан кейін барлық филиалда жүзеге асырылатын болады. «Ұстаз» платформасын іске қосу уақытты үнемдеуге, әділдік пен ашық ой қағидаттарын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – мұғалімнің іс-әрекетін объективті бағалау, орындалуын бақылау, жедел хабардар болу, мониторинг және талдау құралы және өзін-өзі дамытуға ынталандыру. «Өрлеудің» тағы бір басым бағыты – алыс және жақын шет елдермен халықаралық ынтымақтастық байланыс орнатқандығы. «Өрлеу» педагогтер тобы Швейцарияда (Монтре қ.) оқу бағдарламаларын әзірлеуде пәнаралық көзқарасқа бағытталған біліктілікті арттыру курстарында оқыды. Тағы бір топ Әзербайжанда (Баку қ.) білім беру бағдарламалары бөлігінде критериалды бағалау бойынша курстан өтті. Біз сондай-ақ «Алматы менеджмент университеті» білім беруді дамыту институтымен, UNICEF білім беру саласындағы сарапшылар мен практиктермен, «Назарбаев зияткерлік мектептері», Британдық Кеңес, Bilim Media Group, еуропалық білім беру қоры, Microsoft Kazakhstan және Kundelik-пен байланыс жасаймыз. Сонымен қатар ресейлік жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қойылды, - деп атап өтті Софья Ізмұханбетова.
«Өрлеу» орталығында жақсы дәстүрге айналған үрдістердің бірі – «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі байқау мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік, мұғалімдердің шеберлігін шыңдауда, атте-стацияда есептеледі.
«Өрлеу» орталығының БҚО филиалы 2012 жылдан бастап «SMART Education үдерісін енгізу жағдайында педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздері» ғылыми-әдістемелік тақырыбы бойынша жұмыстанып келді. Осы орайда 12 жылдан астам SMART бағытындағы конференцияны жүйелі түрде өткізіп, мұғалімдердің ақпараттық сауаттылығын арттырып, IT-құзыреттілігін шыңдауға ықпал етті.
Сондай-ақ институтта былтырдан бастап тәлімгерлерге арналған «Өрлеумен» бірге өрле!» жобасы қолға алынды. Жас маманның кәсіби қалыптасуындағы тәлімгерліктің маңызы, жас маманның теориялық білім-білігін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатындағы жоба биыл да жалғасын табуда.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz