26.08.2025, 17:00
Оқылды: 92

Орман шаруашылығы мекемелері шөп шауып береді

Облыстың Жәнібек және Казталов аудандарының  жекелеген  ауылдық  округтерінде  шөп  шығымы төмен.  Әр гектардан  1,1-2,5  центнер  шөп  шабылуда.     

 WhatsApp Image 2025-08-21 at 10.52.19 (1)

Сондықтан қос аудандағы кейбір округтердің шаруалары өзге аудандардың шаруа қожалықтарымен келісіп, мал азығын дайындауда. Қазіргі таңда Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі және Шыңғырлау аудандарында қажетті шөптің 75%-дан астамы дайындалған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, жем-шөппен қамтамасыз етуде қиындықтар туындауы мүмкін аудандардың мәселесін қарау үшін облыста арнайы штаб құрылған. Мұндай штабтар барлық ауданда  қызмет  атқаруда.

– Оңтүстік аудандарға қажет шөпті жинау үшін облыстық орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы тапсырма берілді. Олар бір орама шөпті 5000 теңгеден дайындауда. Сондай-ақ солтүстік аудандардан шөп және жем сатушылар туралы ақпарат апта сайын жаңартылып отыр, – деді басқарма басшысы.

Шілденің 15-інен бері пішендеме дайындалуда. Қазіргі уақытта 7,3 мың тонна, яғни қажеттіліктің 87%-ы әзірленген. Сондай-ақ 15,8 мың тонна жем қамбаға құйылған. Айта кету керек, 2025-2026 жылғы мал қыстағына кіруге жоспарланып отырған 1 млн 222 мың шартты мал басына 2 млн 317,7 мың тонна шөп, 275,6 мың тонна жем, қосымша мал азығы ретінде 14,2 мың тонна сүрлем және 8,4 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланды. Оған қоса, былтырдан қалған 421,7 мың тонна шөп бар. Жалпы биыл өңірде 971 мың бас ірі қара, 1466 мың бас ұсақ мал, 296 мың бас жылқы және 2,6 мың бас түйе қыстайды.

Облыста мал азығын дайындау науқанына 4051 орақ қатысуда. «Қазагроқаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникаларын жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен лизингке беруде. Жыл басынан бері облыс аграрийлері 1000-ға жуық техника сатып  алған.

Бүгінгі күнге облыста 4,2 млн га шабындық шабылған. Орташа өнімділігі гектарына 3,5 центнерді құрап, 1 млн 452 мың тонна мал азығы әзірленіпті. Бұл жоспардың – 62,7%-ы. Қалдық шөппен қоса есептегенде 1 874 мың тонна шөп даярланды (81%). Мысалы, шаруа қожалықтары 1 403 мың тонна, ал жеке қосалқы шаруашылықтар 471 мың тонна әзірлеген. Облыс аумағындағы 40,3 мың га лимандық шабындықтарға  су шығарылып, ондағы өнімділік 5-14 ц/га дейін құрап отыр.

– Өңірге көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуге 8,4 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жеткізуші-оператор – «Petro Retail» ЖШС.  Дизель отынын Орал қаласындағы мұнай базаларынан жіберу бағасы – 1 литрі 254 теңге. Арзандатылған дизель отынын шаруашылықтарға тарату қағидасына сәйкес, сатып алынбаған отынды мал азығын дайындауға бағыттауға құқығымыз бар. Сондықтан егінге  6,5 мың тонна дизель отыны пайдаланылып,  қалған 1,9 мың тоннасы мал азығын дайындауға бөлінді. Сонымен қатар егілген өнімді жинау үшін 11,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ал өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары оның 10,7 мың тоннасын алуға келісімшарт жасасты. Қалған 1,1 мың тоннаның бір литрі 242 теңгеден мал азығын дайындауға беріледі, – деп атап өтті Жасұлан Жолдыбайұлы.

Басқарма башысының айтуынша, биылғы егіс алқаптарынан жақсы өнім алынып жатыр. Егістіктің 66,3%-ы орылып (190 мың га), 271 мың тонна астық жиналған. Былтырғы көрсеткіш – 254 тонна. Көктемде 208,8 мың га жерге малазықтық дақылдар егілген. Оның  40,6 мың гектары – біржылдық шөптер, 2,1 мың гектары – сүрлемдік дақылдар және 18,0 мың гектар – көпжылдық шөптер. Оған қоса, өткен жылдардан қалған 147,9 мың гектар көпжылдық шөптер бар. Жалпы малазықтық дақылдардың егіс көлемі былтырғыға қарағанда 4,4% немесе 8,8 мың гектарға артық. Биыл суармалы малазықтық алқап көлемі былтырмен салыстырғанда 64% немесе 2 646 гектарға кеңейген. Қазір өңірде 12 441 гектар суармалы алқап бар. Мал азығын дайындау  науқаны  жалғасуда.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале